Тамақтан улану – денсаулықтың нашарлауына әкелетін кең таралған себептердің бірі болып қала береді. Мұндай жағдайлар әсіресе ұйымдасқан ұжымдарда – мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде, интернаттарда аса қауіпті, себебі улану бірден көп адамды қамтуы мүмкін. Әрбір адамның міндеті – қарапайым санитариялық ережелердің бұзылуына жол бермей, жаппай аурудың алдын алу.
Мұндай мекемелерде уланудың топтық жағдайлары қоғамда үлкен резонанс тудырып, адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді, бақылау жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, ұйымдардың беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан тамақтан уланудың алдын алу жүйелі, қатаң әрі тұрақты болуы қажет.
Уланудың себептері әртүрлі болуы мүмкін: сапасыз немесе мерзімі өткен өнімдерді пайдалану, сақтау шарттарының бұзылуы, ас үй қызметкерлерінің жеке гигиена талаптарын сақтамауы, тағамдардың жеткіліксіз термиялық өңдеуі. Кейде бір жуылмаған жұмыртқа немесе бірнеше сағат ыстықта тұрған салаттың өзі бірнеше адамның сырқаттануына себеп болады.
Балалар мен ересектердің денсаулығын қорғау үшін ұйымдасқан ұжымдарда келесі ережелерді қатаң сақтау қажет:
Сапалы өнімдерді пайдалану – өнімдерді тексерілген жеткізушілерден ғана сатып алу, олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы міндетті.
Сақтау шарттары мен мерзімдерін сақтау – барлық өнімдер белгіленген температуралық режимде сақталып, жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін қолданылуы тиіс.
Ас үйдің тазалығын сақтау – барлық ыдыс-аяқ, жабдықтар мен жұмыс беттері үнемі жуылып, дезинфекциялануы тиіс. Ерекше назар – кесу тақталарына, пышақтарға және персоналдың қол тазалығына аударылуы керек.
Персоналдың медициналық тексеруден өтуі – тамақтану блогының барлық қызметкерлері мерзімді медициналық тексеруден өтіп, санитариялық-гигиеналық талаптар бойынша оқытылуы тиіс.
Тағамдардың термиялық өңделуін бақылау – бұл әсіресе ет, сүт және жұмыртқа өнімдерін дайындауда аса маңызды.
Бақылау журналдарын жүргізу – сақтау температуралық режимінен бастап, құрал-жабдықтарды өңдеу және тағамның органолептикалық бағалау нәтижелеріне дейін барлық кезеңдерді тіркеу міндетті.
Осы қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді сақтау – тамақтан улану қаупін барынша азайтып, білім беру немесе сауықтыру процесіне қатысушылардың қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1044685?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау