Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс қорытындысын шығару және саланың одан әрі дамуының басым бағыттарын айқындау.

Отырысқа мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің өкілдері, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, сондай-ақ саланың басқа да мамандары мен сарапшылары қатысты.

Жиынды ашқан Айжан Серікбайқызы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің маңызын атап өтіп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттарын нақтылады.

Негізгі баяндаманы Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жасап, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын ұсынды. Ол медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына қатысты статистикалық деректермен, негізгі көрсеткіштердің серпінімен және мемлекеттік бағдарламалар аясында қол жеткізілген нәтижелермен бөлісті.

Басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспарының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Оның баяндамасында ауруларды ерте анықтау, алдын алу шаралары және скринингпен қамтуды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ал ана өлімін азайтуға арналған шұғыл жоспардың орындалу барысы туралы басқарма басшысының тағы бір орынбасары Ерік Мусабаев хабарлады. Ол оң өзгерістерге тоқтала келе, жүйелі шараларды жалғастыру мен кадрлық әлеуетті нығайтудың қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, онкологиялық ауруларды ерте анықтау шараларын күшейту, бастапқы медициналық буын дәрігерлерінің қырағылығын арттыру, уақытылы диагностика мен емдеуді қамтамасыз ету, оңалту қызметтері мен цифрлық мониторингті дамыту тапсырылды. Сонымен қатар ана өлімін төмендету бойынша қабылданған шараларды жалғастырып, бұл бағыттағы жұмысты бастапқы медициналық көмекті және кадрлық ресурсты нығайту арқылы жүргізу қажет екені айтылды.

Медициналық ұйымдардың меншік түріне қарамастан, барлық басшыларына жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау тапсырылды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1044014?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version