Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерболат Ахметов Жосалы ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Какина Мереке Ырзабайқызына «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын тапсырды.
Мереке Ырзабайқызы — жеті бірдей баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған еңбекқор ана. Ер азаматы Ертарғын Медетов Қоңыр ауылындағы орталық клубта күзетші болып қызмет етеді. Ерлі-зайыптылардың Жангүлім, Жандәулет, Айқын, Айсұлу, Аяулым есімді балалары Жосалы орта мектебінде білім алуда. Кенже ұлы Жаннұр – балабақша тәрбиеленушісі, ал кішкентай қызы Жанерке – ата-анасының қамқорлығында.
Отбасындағы барлық бала тәрбиелі, тәртіпті және оқу озаттары. Олардың әрқайсысы түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға белсене қатысып жүр. Ұлдары Жандәулет пен Айқын – облыстық, аудандық қазақ күресі мен самбо жарыстарының жеңімпаздары. Қыздары Айсұлу мен Аяулым – тоғызқұмалақ, қолөнер үйірмелерінің белсенді мүшелері. Әсіресе Айсұлу түрлі байқаулар мен жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жеті баланы аялап өсіріп, ұлт болашағына үлес қосып отырған осындай аналар — елдің тірегі, ауылдың абыройы.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1044801?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау