Атырау облысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өнеркәсіп саласы оң динамиканы көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 6 айда 6,9 трлн теңгеге жетіп, 14,2 % артқан.
Соның ішінде мұнай өндіру көлемі 31 миллион тоннаны құрап, былтырмен салыстырғанда 18,9 % өскен. Ал ілеспе мұнай газының өндірісі 6,3 % өсіп, 15 миллиард текше метрді құрады.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 460 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Химия саласында да өсім байқалады – бұл бағыттағы шығарылым 36,7 пайызға артып, 105,4 миллиард теңгеге жетті.
– Өңірде шикізатты терең өңдеуге бағытталған мұнай-химия кластері құрылуда. Оның шеңберінде KPI зауыты жыл басынан бері 219 мың тонна полипропилен өндірді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 458 мың тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Форсаж» бағдарламасы аясында полимер өнімдерін қайта өңдеуге маманданған кәсіпорындар медициналық шприцтер, тұрмыстық пластик заттар, құрылысқа арналған геосинтетикалық төсемдер мен полипропилен қапшықтарын өндіре бастады. Құрылыс материалдары өндірісі 43 пайызға өсіп, 14,6 млрд теңгеге, ал машина жасау саласы 61,3 пайызға артып, 62 млрд теңгеге жетті. TEXOL компаниясының вагон-доңғалақ зауыты мен шеберханасы биыл іске қосылды. Осыған дейін бұл өнімдер сырт елдерден жеткізілсе, енді отандық өндіріс есебінен толық қамтылатын болады,-деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Брифинг соңында спикер Атырау облысында өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалардың жалғасын табатынын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – жергілікті кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіп, өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасады, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, мұндай жобалар – импортты алмастыру, жергілікті қамтуды арттыру, және жұмыс орындарын құру бағытындағы нақты нәтижелердің бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1044775?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау