ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ИЕСІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Сырым ауданының әкімі Жұмгелді Батырниязов әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген жандардың бірі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Сохатова Лия Абайқызын зейнет жасына толуына орай қабылдап, құттықтады.
– Сіздің еңбегінің елеулі де, ерекше. Жауапкершілігінен бөлек, сауабы мол іс. Екінің бірінің қолынан мұндай қызмет келе бермейді. Қазір бөтен кісі түгіл, өз ата-анасын бақпайтындар көбейді,- дей келе, Жұмагелді Жолдыбайұлы жүрекжарды тілегін жеткізді.
Әлеуметтік қызметкердің иығына қамзол мен шарқат жауып, құттықтау хатты табыс етті. Зейнеткер өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, Лия Абайқызы өз ісіне берілген, жүрегінде жылуы мол, мейірімі мен шапағаты жетерлік жандардың бірі. Адам жанына жылу беріп, көмекке мұқтаж жандардың қасынан табылып жүрген әлеуметтік қызметкердің өмірі мен еңбек жолы оның өнегеге толы. Өз еңбегіне адал, әрбір қызмет алушы қарияға бар мейірімін төге білген Лия Сохатованы қимай, көзіне жас алып жатқан жалғызбасты қарттар жетерлік екен.
Ол 1964 жылы Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Соналы елді мекенінде өтті. 1971 жылы Шөптікөл орта мектебінің табалдырығын аттап, 1981 жылы білім ордасын аяқтап шықты. Сол жылы СПТУ-19 училищесінде оқып, тракторист мамандығын меңгерді. 1985-1989 жылдары аралығында Жымпиты аудандық тұтынушылар одағындағы «Нан пісіру» цехында наубайханашы болып еңбек етті.
Сырым ауданындағы үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі ашылғаннан бері осы салада қызмет атқарып келеді. Мекеме алғаш ашылған күннен бастап Жымпиты ауылындағы жалғызбасты қарттар мен І және ІІ топ мүгедектеріне көмек көрсетіп, оларды қамқорлыққа алған. Жауапты да ауыр жүкті арқалап, табандылықпен, адал еңбекпен халықтың алғысына бөленіп жүрген жан.
Лия Абайқызының жылдар бойы атқарған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол аудандық, ауылдық, облыстық деңгейде бірнеше мәрте марапатқа ие болды:
2011 жылы – аудан әкімінің алғыс хаты, 2016 жылы – ауылдық округ әкімінің алғыс хаты, 2018 жылы – облыстық басқарма басшысының алғыс хаты, 2020 жылы – «Әлеуметтік-еңбек саласы үздігі» медалі, 2023 жылы – аудан әкімінің алғыс хаты.
Бүгінде тәжірибелі маман ретінде әріптестері арасында құрметке ие, жас қызметкерлерге үлгі боларлықтай ұстаз. Отбасында сүйікті жар, балалары мен немерелерінің қамқор анасы, асыл әже.
Қоғамның әлсіз тобына сүйеніш болып, қамқорлық танытып жүрген осындай жанашыр адамдар – біздің өміріміздің шын мәніндегі қаһармандары. Лия Абайқызының еңбек жолы – адамға деген құрмет пен мейірімнің, жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1044798?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version