Қазіргі таңда Атырау облысында мотокөлік құралдарын тізгіндейтін азаматтар, әсіресе жастар саны артып келеді. Алайда жол қозғалысы ережелерін сақтамау салдарынан мотокөлік жүргізушілерінің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр. Қауіпсіздік талаптарының ескерілмеуі мен жол ережелерінің бұзылуы – адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн.
Мәселен, 7 шілде күні сағат 19:00 шамасында Жылыой ауданында «ПАЗ 320415» маркалы автобус жүргізушісі басты жолда келе жатқан жасөспірім басқарған мопедпен соқтығысып, салдарынан жасөспірім оқиға орнында қаза тапты. Жалпы, жыл басынан бері мотокөлік қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмып, 35 азамат түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Мопед құралдарына қатысты жол апаттарының алдын алу мақсатында жүргізілген тексеру шаралары нәтижесінде, соңғы бір ай көлемінде 122 мопед жүргізушісіне қатысты 221 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде:
• мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ немесе тіркелмеген көлік құралын басқарғаны үшін – 55 дерек,
• жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың мотокөлікті басқарғаны үшін – 73 дерек,
• көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін – 9 дерек бойыншаәкімшілік хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тартылды.
Аталған заңбұзушылықтардың негізінде 150-ден астам мопед арнайы тұраққа қойылды.
Құрметті ата-аналар!
Балаларыңыздың жолда жүру қауіпсіздігі – ең алдымен, сіздердің жауапкершіліктеріңізде. Сол себепті кәмелетке толмаған балаларға мопед сияқты мотокөлік құралдарын басқаруға рұқсат бермеулеріңізді сұраймыз. Бұл – олардың өмірі мен денсаулығын сақтау жолындағы маңызды әрі міндетті қадамдардың бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1045391?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау