Ақтөбе облысында жергілікті сауда желілері өздерінің онлайн платформаларын іске қосуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында сауда саласындағы цифрлық трансформация мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, Қазақстанда электрондық сауда тұрақты өсім көрсетіп, ел экономикасында елеулі үлеске ие болуда.

Ақтөбе облысында цифрландыру үдерісі белсенді түрде дамып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдің ішкі сауда көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 91,3 млрд теңгеге артқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс электрондық сауда көлемі жағынан 6,2 млрд теңге көрсеткішімен елімізде 5-орынға ие болды.

Баяндамашы атап өткендей, цифрландыру тек аналитикамен шектелмей, нақты практикалық мысалдармен жүзеге асырылуда. Мәселен, «Анвар» және «Дина» сауда желілерінде өз-өзіне қызмет көрсету кассалары енгізіліп, бүгінде оларды сатып алушылардың шамамен 40%-ы белсенді түрде қолдануда. Сонымен қатар, бұл желілер тапсырысты рәсімдеу, онлайн төлем, логистика және нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі бар өз онлайн платформаларын әзірлеуде.

Ақтөбе қаласында азық-түлік жеткізу нарығында Magnum GO, Glovo, Wolt және Яндекс.Еда сынды сервистер сәтті жұмыс істеп жатыр.

Екінші деңгейлі банктерге де ерекше рөл жүктеледі. Kaspi Bank пен Halyk Bank — e-commerce саласын қолдау бойынша көшбасшы банктер қатарында. Олар онлайн төлем, маркетплейс және логистика құралдарын ұсынып отыр. Бұдан бөлек, ForteBank, Jusan Bank және Банк ЦентрКредит қосымша мүмкіндіктер беріп отыр.

Техникалық реттеу департаментінің басшысы Гүлзат Нұрбаева «Сауданың цифрлық айнасы» моделін таныстырды. Бұл модель тауардың әкелінуі мен таңбалануынан бастап, соңғы тұтынушыға жеткенге дейінгі жолын қамтиды. Онда тауардың өмірлік циклінің толық ашықтығы қамтамасыз етіледі: жіктелуінен бастап, сату мен сертификаттауға дейін.

Гүлзат Нұрбаева сондай-ақ тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай жіктеуіші мен Ұлттық тауар каталогінің енгізілуі жөнінде баяндады. Бүгінде «Magnum», «Small», «Анвар» және басқа да ірі сауда желілерін қоса алғанда, 9 сауда желісі бұл құралдарды әлеуметтік маңызы бар өнімдердің айналымының ашықтығын қамтамасыз ету үшін пайдаланып жатыр.

Сонымен қатар, электрондық техникалық реттеу жүйесін іске қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Цифрлық трансформация аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін азық-түлік ваучерлері сияқты жаңа әлеуметтік механизмдер қарастырылуда. Мұндай пилоттық жобалар қазірдің өзінде еліміздің үш өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, стандарттар мен зертханалық базаны іздеу, сондай-ақ сауда ағындарын болжау бойынша жасанды интеллект элементтері бар виртуалды көмекшілерді әзірлеу аяқталуға жақын», – деді департамент басшысы.

Облыс әкімі Асхат Шахаров цифрлық трансформацияның маңызын атап өтті.

«Сауданы цифрландыру — бұл жай ғана тренд емес, бұл — бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қажеттілік. Біз ашық, бәсекеге қабілетті және әділетті сауда ортасын қалыптастырып жатырмыз. Цифрландыру — бұл көлеңкелі нарықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және нарықты ашық әрі басқарылатын етуге көмектесетін құрал», – деді өңір басшысы.

Жиын қорытындысы бойынша цифрлық платформаларды интеграциялауды жалғастыру, кәсіпкерлермен жұмысты күшейту және банктер мен IT-секторымен әріптестікті кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga/press/news/details/1045892?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version