Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында 3 миллионнан астам ата-ана көмек алды – сауалнама нәтижелері жарияланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2023 жылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтардың басты мақсаты – мектеп пен отбасы арасындағы диалогты күшейту, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысуын арттыруға ықпал ету.

Аталған уақыт аралығында орталықтарда 326 мыңнан астам дәріс өткізілді. 3 миллионнан астам ата-анаға жеке кеңес беріліп, көмек көрсетілді. Мұнда мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуден бастап, жасөспірімдер арасындағы кикілжіңдерді шешуге дейінгі тақырыптар қамтылған.

Ата-аналар арасында «Жеке үлгі арқылы тәрбиелеу» және «Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің жауапкершілігі» сабақтары ерекше сұранысқа ие болды. Бұл сабақтарды білікті педагогтер мен психолог мамандары жүргізеді.

Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының бағдарламасын аяқтаған ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес, соңғы екі жылда ата-аналардың баласының тәрбиесіне көңіл бөлуі, өміріне араласу белсенділігінің артқаны байқалды:

• 72,6% – күн сайын балаларымен түрлі тақырыпта әңгімелеседі;
• 51,7% – тәрбиелеу тәсілін өзгертуге дайын екенін білдірген;
• 89,6% – балаларының қиындықтарына өзі айтқызбай араласады;
• 78% – баласының араласатын ортасын жақсы таниды;
• 43,3% – балаларымен бірге мәдени іс-шараларға барады;
• 28,6% – баласының білім алуына қатысады, ақпарат пен шешім табуға көмектеседі.

«Ата-ана – жай бақылаушы емес, балалық шақтың авторларының бірі. Біздің міндетіміз – оларды осы жолда қолдау. Ата-ана баланың өміріне белсенді араласқанда, тек отбасы атмосферасы ғана емес, сонымен қатар балалық шақтың өзі де қолдау мен сенімге толы кеңістік ретінде қабылданады», – дейді «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының президенті Елена Сакенова.

Бүгінде команда 2025–2026 оқу жылында іске қосылатын АПҚО бағдарламасының 3.0 жаңартылған нұсқасын әзірлеуде. Жаңа бағдарламада заманауи тәсілдер, цифрлық форматтар және баланың психологилық әл-ауқаты мен эмоциялық интеллектісі тақырыптары кең ауқымда қамтылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1045584?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version