Ақтөбе облысында шалғай ауылға көгілдір отын берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ырғыз ауданындағы Жарма ауылының тұрғындары бұл күнді асыға күтті. 52 түтін, 336 тұрғын тұратын ауылда енді табиғи газ бар.

Тарихы жарты ғасырдан асатын Жарма ауылы Ырғыз ауданының орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан. Қыста көмір тасып, отын жағып келген елдімекен тұрғындары күні кеше газ құбырының салтанатты түрде іске қосылу шарасының куәсі болды. Жармалықтардың қуанышымен аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев бөлісті. Ақсақалдар баталарын беріп, әжелер тәттіден шашу шашты.

«Тілегіміз орындалып келе жатыр — суымыз бар, газымыз бар, жарығымыз бар. Барша ағайынға алғысымыз шексіз. Бақытты болыңыздар, ғұмыр жастарыңыз ұзақ болсын. Ең бастысы — халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай», – деп 88 жастағы ауыл ақсақалы Кеңес Дауылбаев ізгі тілегін жеткізді.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде аудан тұрғындарының 81,1%-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл – мемлекет қолдауының, ауыл өмірін жақсартуға деген нақты қадамның нәтижесі. Келешекте аудан бойынша газдандыру жұмыстары жалғаса бермек.

Ал Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 28 ауылға газ тартылады. Жоспар бойынша 14 елді мекен көгілдір отын желісіне тамыз айының соңына дейін қосылуы тиіс. Осылайша, облыста газбен қамтылған елді мекендер саны 200-ге жетеді.

 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/1046519?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version