Дебрецен қаласы, 2025 жылғы 5 тамыз – Екіжақты экономикалық әріптестікті кеңейту мақсатында Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы жұмыс сапарымен Дебрецен қаласына барды.
Сапар бағдарламасы аясында Елші Мажарстанның іскер топтарымен және жергілікті әкімдік өкілдерімен мазмұнды кездесулер өткізді. Кездесулерде инвестициялық ынтымақтастықтың нақты бағыттары талқыланды.
Özse Group және Agropoint Kft. компанияларының басшыларымен өткен келіссөздер барысында Қазақстанда агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыруға жоғары қызығушылық танытылды. Мажар серіктестер өндірістік нысандар салу, мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді. Қазақстан тарапы мемлекеттік қолдау тетіктері, индустриялық аймақтардың қолжетімділігі және қолайлы іскерлік жағдайлар туралы ақпарат ұсынды.
Дебрецен қаласы әкімінің орынбасары Лайош Барч мырзамен өткен ресми кездесуде инвестициялар, логистика, мәдениет, білім және технология алмасу салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Қала басшылығы Дебрецен мен Қазақстан компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сапар соңында Елші Zolend Kft. және Pizza D’Oro Kft. өндірістік нысандарына барып, Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Екі компания да Қазақстанды өңірлік хаб ретінде қарастырып, Орталық Азиядағы өндірістік-инвестициялық қатысуды дамытқысы келетінін білдірді.
Сапардың қорытындысы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік негіз бар екенін көрсетті. Тараптар жұмыс байланыстарын жалғастырып, Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыру бойынша нақты қадамдарды пысықтауға келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1046864?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау