Астана қаласының Кәсіптік-техникалық колледжінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – дана, Абай – дара» атты қорытынды әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Абай мұрасына арналған іс-шараны Нұра ауданының «Қыздарай» би тобы «Кең дала» биімен ашты.
Мерекелік кешке елге белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер ұйымының жетекшілері, білім ордаларының басшылары, өнер майталмандары мен әдебиет сүйер қауым қатысты.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» бастамасымен жүзеге асырылған ауқымды жобаның соңғы кезеңі болды.
Кеш барысында бірнеше аптаға созылған іс-шаралардың қорытындысы ұсынылды, атап айтқанда Абай оқуларында, эссе байқауында, музыкалық концерттерде, челлендждер мен конференцияларда үздік өнер көрсеткен зейнеткерлер қатысты.
Кеш бағдарламасында Абайдың өлеңдері мен әндері орындалып, күй тартылып, «Қара сөздерге» арналған эсселер үзіндісі оқылды.
Сонымен қатар, Абайдың анасы Зере әженің рухына арнап дайындалған алып кимешек көркем туындысы таныстырылды, қазақ аналарының өнегелі бейнесі дәріптелді.
«Зере әже рухына тағзым» деп аталатын бұл алып кимешек – «Ақ бата» модельдік тобы мен шығармашылық жетекшісі Томирис Байтенованың бірлескен жұмысы. Кимешектің өлшемі – биіктігі 1,8 метр, ені 1,1 метр.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұсынылған бұл ерекше туынды – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Зере әженің бейнесіне тағзым ретінде жасалған.
Кеш барысында Абай өлеңін нақышына келтіріп, жүрекпен оқыған, көркемсөз шеберлері – Еркін Қасенов, Жұмағат Мұқанов, Қаныш Бахтина және Күләнда Сүйрікбаева өнер көрсетті.
Абай әнін жүрекке жеткізе білген өнерпаз зейнеткер Ермек Тұрлыбаев Абайдың «Айттым сәлем қаламқас» әнін көрермен назарына ұсінды. Сондай-ақ, әнсүйер қауым Абайдың «Көзімнің қарасы», «Татьянаның хаты», «Қайран елім қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай» және т.б. әндерін орындады.
Сонымен қатар, Абайдың қара сөздеріне негізделген эссе жазу байқауы барысында терең философиялық ой түйіп, эссе жазудан үздік деп танылған Аймырза Ысқақовтың шығармасы ерекше атап өтілді.
Абай мұрасын ұлықтауға арналған іс-шара Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаевтың бастамасымен ақынның 180 жылдығына орай «Абай – халықтың рухани темірқазығы» атты жоба аясында жүзеге асырылды.
Іс-шара ұлттық рух пен тәрбиелік мазмұнды біріктіре отырып, Абай мұрасын жастарға және қоғамға кеңінен насихаттауға бағытталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1047152?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау