Әлеуметтік инфрақұрылым Аршалы ауданында қарқынды дамып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аршалы ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Биыл жаңа тұрғын үй, теміржол станциясы мен мәдени демалыс орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жібек жолы және Аршалы елді мекендеріне барып, нысандардағы жұмыс барысымен танысты. Реновация бағдарламасы аясында Аршалы кентінде э100 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба жеке инвестициялар есебінен, ескі апатты үйдің орнына іске асырылуда. Тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру, балалар алаңын орнату және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Күн сайын құрылыстың барысын бақылап жүрген тұрғын Нонна Журавлёва өз әсерімен бөлісті.

«Біз бұл баспанаға жылдар бойы кезекте тұрдық. Реновация бағдарламасы – көптеген отбасы үшін жайлы өмір сүрудің нақты мүмкіндігі», – деді ол.

Сондай-ақ Аршалы теміржол станциясының реконструкциясы басталды. Аталған нысан 1945 жылы салынған. Бас мердігер – «Integra Construction KZ» ЖШС. Бүгінгі таңда демонтаж жұмыстарының 80%-дан астамы орындалып, инженерлік желілер тартылып, еден төселген. Тамыз айының соңына дейін әрлеу материалдарын сатып алып, орнату жоспарланған. Реконструкция жыл соңына дейін аяқталады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, станция алдындағы алаңды абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі. Жібек жолы ауылында Марат Ахметжанов 150 орындық мәдени демалыс орталығына барды. Жаңа нысанда 150 адамға арналған көрермен залы, сахна, үйірмелерге арналған бөлмелер, 4000-нан астам қоры бар кітапхана орналасқан. Орталықты Конституция күніне орай ашу жоспарланып отыр. Ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдастық өкілі Талғат Әбілқасымов заман талабына сай мәдени нысан үшін алғысын білдіріп, оның ауылдың дамуына және жастардың шығармашылық бастамаларға тартылуына ықпал ететінін атап өтті. Облыс әкімі Марат Ахметжанов барлық жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Барлық жоба сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс. Олар біздің күткенімізге сай болуы керек. Мемлекет басшысы бюджет емес, нәтиже үшін басқару қажеттігін тапсырды. Бұл нәтижелер халыққа нақты пайда әкелуі керек», – деді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1046885?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version