Жыл сайын облыс бюджетінен бөлінетін қаражат есебінен өңірге қажетті кадрларды даярлау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылып келеді. 2025–2026 оқу жылына арналған жаңа білім беру тапсырысы аясында 110 талапкер еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында ақысыз білім ала алады.
Бүгінгі таңда Ақмола облысы әкімінің гранты есебінен 786 студент білім алуда. Оның ішінде 358-і – педагогикалық, 423-і – медициналық, ал 5 студент басқа бағыттар бойынша оқып жатыр.
Алдағы оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы төмендегідей бөлінді:
- Педагогикалық мамандықтар бойынша: бакалавриат – 40 орын, магистратура – 34 орын;
- Техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша: жылу энергетикасы – 10, агроинженерия – 10, сәулет және құрылыс – 6, ветеринария – 5, тау-кен ісі – 3, теология – 2 орын.
Мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып жасалды. Осыған байланысты Ақмола облысының білім басқармасы мектеп және колледж түлектерімен кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастырды.
«Аймақ түлектерін қолдау – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Біз жастарымызға қазіргі заман талаптарына сай сапалы білім беруге күш саламыз. Облыс әкімінің гранттары арқылы түлектер сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алып, өңір дамуына үлес қоса алады», – деп атап өтті Ақмола облысы білім басқармасының бас маманы Асем Бикеева.
Грант бойынша білім беру келесі жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады:
- Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;
- Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті;
- А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті;
- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
- С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті.
Білім беру гранты бойынша конкурсқа қатысуға арналған құжаттарды қабылдауды жоғары оқу орындары 8 тамыздан 17 тамызға дейін жүргізеді. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін, жоғары оқу орындары талапкерлердің құжаттарын Ақмола облысының білім басқармасына жолдайды. Онда 20 тамыз бен 25 тамыз аралығында конкурс негізінде іріктеу өткізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1047545?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау