Ақтөбеде елордалық стандарттар енгізіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Астана қаласының Урбанистика орталығының мамандары Ақтөбеге іссапармен келді. Сапардың мақсаты — жергілікті тәжірибені зерттеу, жүзеге асырылып жатқан жобаларды бағалау және қалалық ортаны жүйелі түрде жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл жұмыс Президент тапсырмасы аясында іске асырылуда және елордалық табысты тәжірибелерді өңірлерде кеңінен енгізуге бағытталған.

Мамандар облыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет және қалалық қызмет көрсету өкілдерінің қатысуымен қаланың ескі және жаңа бөліктерін аралады: Шернияз, Алтынсарин, Ахтанов, Ломоносов көшелері, Әбілқайыр хан, Бейбітшілік, Тәуелсіздік даңғылдары, Есет батыр және Алтын Орда шағын аудандары.

Қаланы аралау кезінде өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы және бизнес өкілдерінің қалалық инфрақұрылымды түрлендірудегі рөліне назар аударды. Айта кету керек, Ақтөбеде көптеген ірі кәсіпорындар мен ұйымдар скверлер, парктер, аллеяларды абаттандыруға ниет білдіруде. Олардың қатарында «Алихан Ойл З» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «Дастан», «Айс-Плюс», «СК 8 Групп», «Зерде-Керамика Ақтөбе» және басқалары бар.

«Қаланың сыртқы келбеті — бұл жай ғана эстетика емес, бұл өз кеңістігіңе деген қарым-қатынастың көрінісі. Бізге фасадтар, жарнамалар, абаттандыру элементтері бойынша нақты стандарттар қажет. Тек осылай ғана біз визуалды тәртіп пен заманауи атмосфераға қол жеткіземіз», — деді әкім.

Нысандарды қарап шыққан соң, Астана қаласы Урбанистика орталығының мамандары елордада сәтті жүзеге асырылып жатқан және Ақтөбеде бейімдеуге болатын бірқатар нақты ұсыныстармен бөлісті. Атап айтқанда, үш негізгі құжатты енгізу ұсынылды: ландшафттық мастер-жоспар, қала бренді және көгалдандыру тұжырымдамасы.

«Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбеге келіп, жергілікті тәжірибені зерттеп, үздік тәжірибелерді ұсынғымыз келеді. Әкімдіктің ұстанымы көңіл қуантады: бос жатқан жерлерде скверлер мен қоғамдық кеңістіктер пайда болуда. Бұл — дұрыс бағыт және біз оны қолдауға дайынбыз», — деді Астана қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Сондай-ақ, елорданың табысты тәжірибелері де айтылды. Мысалы, Астанада құрылыс компаниялары нысанды пайдалануға берген соң, аумақты абаттандыруға жауапты, олар аулаларды асфальттайды, ағаштар отырғызады. Осы тәжірибелер талқыланғаннан кейін, облыс әкімі нақты тапсырмалар берді.

«Бұл тәжірибені біз де енгізуіміз керек. Әрбір құрылысшы нысанды тапсырғаннан кейін аула аумағын асфальттап, ағаш отырғызып, абаттандыруға қатысуы тиіс. Бұл міндетті талапқа айналуы керек», — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Мамандар елордадағыдай Ақтөбеде де ірі ағаштарды отырғызуды, олар қалалық экожүйе үшін тиімді болатынын жеткізді. Сонымен қатар, фасадтар, жарнамалар мен шағын архитектуралық формаларға арналған дизайн-код әзірлеуді, рұқсатсыз орнатылған жарнамалар мен визуалды тұрғыдан агрессивті элементтерді жоюды, сондай-ақ қала сәулетіне келмейтін ашық түсті шешімдерден бас тартуды ұсынды.

Урбанистика орталығы ұсынылған шешімдерді іске асыруда әдістемелік және кәсіби қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1047028?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version