Қауіпсіз сауда: Астанада қала базарларында заңдылық пен тәртіпті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада «Заң және тәртіп» нарративін іске асыру аясында сауда саласында құқықтық тәртіп пен заңнаманы сақтау мақсатында профилактикалық әңгімелесу жұмыстары жалғасуда. Кезекті түсіндіру жұмыстары «Әлем» және «Аймақтау» базарларында өтті.

Кәсіпкерлермен жүргізілген жұмысқа Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті және салық қызметінің өкілдері қатысты.

Мамандар бірнеше маңызды мәселеге назар аударды: өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, санитарлық нормаларды орындау және салық есептілігінің дұрыстығы.

Кәсіп иелеріне сауда орындарында тазалықты сақтау, эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуын қамтамасыз ету, онлайн-ККМ пайдалану, сондай-ақ жеке тұлғалар арасындағы банк аударымдары арқылы есеп айырысудан бас тарту қажеттігі ескертілді. Мұндай операциялар кәсіпкерлік қызметте қолдануға тыйым салынған және ҚР Салық кодексінің 166-бабына сәйкес заң бұзушылық болып саналады.

Сондай-ақ, жеке деректер мәселесі қозғалды – сауда орындарының өкілдеріне банк карталары арқылы төлем жасау кезінде жеке мәліметтерді беруге немесе таратуға жол берілмейтіні еске салынды.

«Біздің мақсатымыз – айыппұл салу емес, ескерту жасау. Кәсіпкерлер ережелерді біліп, жауапкершілікті түсініп, қателіктерге жол бермегенін қалаймыз. Мұндай іс-шаралар заңнамадағы маңызды жаңашылдықтарды жергілікті жерде түсіндіруге көмектеседі. Бұл – бизнестің қауіпсіздігімен қатар, табысты жұмыс істеуіне де ықпал етеді. Негізгі мақсат – кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету», – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.

Профилактикалық жұмыстар елорданың өзге де сауда нысандарында жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1047193?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version