Қазақстанда аграрлық технопарк құру жобасы іске асырылып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауқымды жоба заманауи технологиялар мен «жасыл экономика» қағидаттарын қолдана отырып, органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Жобаға Seifullin University, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы және «БИО-KATU» ЖШС қатысуда.
Мақсат – органикалық өнім өндіру мен өңдеуге инновациялар енгізу, сондай-ақ АӨК саласында технопарктер мен инжинирингтік орталықтар желісін қалыптастыру.

Технопарк құрамына Seifullin University базасында орналасатын ғылыми-технологиялық блок кіреді. Онда бизнес-инкубатор, білім тарату орталығы, зертханалар және коммерцияландыру кеңсесі жұмыс істейтін болады.
Органикалық егіншілік пен өңдеу бойынша өндірістік алаң Бараев атындағы ҒӨО базасында құрылады. Егін шаруашылығы саласындағы органикалық өнімдерді сертификаттау бағытында Латвияның Приекуле қаласындағы Еуропалық сертификаттау және сынақ орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Дәнді дақылдарды органикалық өнімдерге – жарма, таңғы құрғақ ас және мал азығы түрінде өңдейтін жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

Органикалық мал шаруашылығы мен мал азығы өндірісі бойынша инжинирингтік орталық «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС базасында орналасады. Мұнда «ақылды» органикалық фермаларды басқаруға арналған цифрлық платформа әзірленген. Ол өндіріс пен өңдеудің барлық кезеңін есепке алып, органикалық өнімдердің алқаптан дүкен сөресіне дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік береді.

Аталған жоба заманауи әрі тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға және экологиялық таза өндірісті дамыту үшін жағдай жасауға ықпал етпек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1047083?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version