Қазақстандық оқушылар Пекинде өткен IOAI 2025 Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында рекордтық жетістікке жетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларына арналған Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл дода оқушылардың жасанды интеллект мен техникалық білім саласындағы дайындық деңгейін көрсетті.

Олимпиада 2–9 тамыз аралығында Бейжіңде өтіп, 61 елден келген 77 команданы жинады. Қазақстан атынан оған екі команда қатысып, құрама үздіктер қатарынан танылды.

Осылайша, алтын медаль иегерлері – Қасымқан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай атанса, күміс медальді Аушахман Тәлім жеңіп алды, ал қола медаль Тимур Шакуов, Дәужан Бекетов пен Сұлтанбек Сарыға бұйырды.

Сондай-ақ, зияткерлік қозғалысты дамытуға қосқан үлесі және команданы қолдағаны үшін IOAI ұйымдастыру комитетінің алғыс хатымен Батыр Ерденов марапатталды.

Алтын медаль саны бойынша бейресми есепте Қазақстан 3 алтынмен Польша, Үндістан және Вьетнаммен екінші орынды бөлісті. Бірінші орынды Ресей командасы (6 алтын медаль) иеленді. Сонымен қатар үздік ондыққа Сингапур (2 алтын), Румыния, Жапония, Швеция және Гонконг-Қытай (әрқайсысы 1 алтын) кірді.

IOAI – бұл ғылыми және практикалық бөлімдерді біріктіретін беделді халықаралық жарыс. Онда қатысушылар жеке және командалық түрде бейне мен сурет генерациясы, машиналық оқыту, табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру және басқа да бағыттардағы жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеу бойынша тапсырмаларды орындайды.

Байқау бағдарламасынан бөлек, олимпиада аясында әлемнің жетекші сарапшыларының дәрістері, этикалық пікірталастар, мәдени және білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Жарыстың мақсаты – жастар арасында жасанды интеллектті насихаттау.

Қазақстан құрамасының бұл жетістігі IT-білім берудің жоғары деңгейін және оқушылардың озық технологияларға деген қызығушылығын дәлелдейді. IOAI 2025 олимпиадасындағы жеңіс – бұл тәлімгерлердің жүйелі еңбегінің, білім беру бастамаларын қолдаудың және жасанды интеллекттің болашағын бүгіннен бастап қалыптастыруға дайын жас мамандар қатарын арттырудың нәтижесі болып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1047918?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version