Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада ішектің дивертикулярлы дертіне шалдыққан 66 жастағы науқасқа күрделі ота жасады.
№7 ҚКА бөлімше меңгерушісі Марат Каленбаевтың айтуынша, пациент 2025 жыл басында шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлер оған «Ішектің дивертикулярлы ауруы» деген диагноз қойған. Ішектің шырышты қабаттарын зақымдайтын дерт салдарынан ішек тесіліп, абсцесс, перитонит сынды асқыну белгілері байқалған. Науқас өміріне қауіп төніп тұрғандықтан ішектің бүлінген бөлігін алып тастап, үлкен дәретті сыртқа шығаратын арнайы тесік жасалып, стома қойылған болатын.
«Ол колостомамен жарты жыл жүрді. Әлбетте, бұл адамның дәрет сындыруын, жүріп-тұруын қиындатады, науқас үшін физикалық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр. Кейбіреулер қысылып адамдармен араласудан қалады», — дейді Марат Каленбаев.
Жарты жыл өткенде, осы жолы хирургтер командасы арнайы циркулярлы аппараттың көмегімен ішектің табиғи функциясын қалпына келтіруге бағытталған ота жасап шықты. Күрделі хирургиялық операция МӘМС қаражаты есебінен жасалды.
«Ота жасалғалы бері 9 тәулік өтті. Пациент денсаулығы жақсарып келеді, ауруханадан шығуға – колостомасыз өмір сүруге дайындалып жатыр», — деп атап өтті дәрігер.
Білікті маман азаматтарды ішекте қандай да бір проблема туындаған жағдайда бірден дәрігерге қаралуға шақырады. Себебі, жоспарлы, консервативті ем-дом ішектің тесілуі сынды асқынулардың алдын алуға, отасыз емделуге мүмкіндік береді, дейді Марат Каленбаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1048278?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау