Ботулизм: нені білу қажет?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ботулизм – бұл ботулизм бактерияларының уыттарымен улану нәтижесінде пайда болатын, жүйке жүйесінің ауыр зақымдалуымен сипатталатын ауру. Ауру қоздырғышы – Clostridium botulinum  табиғатта кеңінен таралған, оның тұрақты мекені топырақ. Бұл бактериялар физикалық және химиялық факторларға өте төзімді споралар түзеді. Өзі қоздырғыш ауру тудырмайды, адамға тек токсин қауіпті. Уланудың пайда болуы үшін бактериялардың оттегі аз ортада көбеюі мен ботулотоксиннің жиналуы қажет (мысалы: ветчина, шұжықтар, консервілер, тұздалған балық), сондай-ақ консервіленген көкөністерде, жемістерде, саңырауқұлақтарда.

 

Инкубациялық кезеңі – бірнеше сағаттан 2-5 күнге дейін, ауру неғұрлым ауыр болса, инкубациялық кезең соғұрлым қысқа болады. Аурудың ауыр түрлерінде ол шамамен 24 сағатты құрайды.

 

Көп жағдайда ауру мынадай белгілермен басталады:

 

–  белгілердің жылдам дамуы;

 

– жүрек айну;

 

– құсу, кейде іштің тартып ауырсынуы;

 

– қоспасыз сұйық нәжіс.

 

Бұл белгілер шамамен бір күнге созылады. Одан кейін іштің кебуі, іш қату және асқазанда кернелу сезімі байқалады.

 

Жүйке жүйесінің зақымдану белгілері асқазан-ішек белгілерімен қатар немесе олар жойылғаннан кейін, бірінші немесе екінші күннің соңында пайда болады.
 Ботулизмнің алғашқы белгілеріне көру қабілетінің бұзылуы жатады. Науқастар «тұман», «тор» көру, қосарланып көру, оқудың қиындауы секілді шағымдар айтады.

 

Сонымен қатар, шөлдеу, сілекейдің азаюынан ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, дауыс ырғағының өзгеруі байқалады. Науқастар жұтыну кезінде «түйін» сезіну, ауырсыну, тамаққа тұншығу туралы шағымданады – бұл жұтқыншақ пен көмекей бұлшықеттерінің зақымдануына байланысты. Жүйке жүйесінің зақымдалуы жалпы улану синдромымен қатар жүреді – бас ауруы, бас айналу, ұйқысыздық, әлсіздік, тез шаршағыштық. Алайда дене қызуы, әдетте, көтерілмейді, тек кейбір науқастарда аздап көтерілуі мүмкін.

 

 

Аурудың ауыр түрінің қауіпті белгісі – тыныс алудың бұзылуы. Науқастар ауа жетіспеушілігін, кеуде тұсында ауырлық, кейде ауырсыну сезінеді. Тыныс таяз болады. Ботулизмнен болатын өлімнің басты себебі – тыныс алу жетіспеушілігі.

 

Ботулизмнің алдын алу арқылы бұл аурудан сақтануға болады. Оның әртүрлі тәсілдері бар. Біріншіден, қазіргі медицина бұл ауруға қарсы иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді – арнайы вакцина енгізіледі, содан кейін адам ағзасы бұл бактерияларға төзімді болады. Маринадталған өнімдерді дүкеннен сатып алған дұрыс, өйткені зауыттық консервілеу кезінде қауіп факторлары есепке алынады, көкөністер, жемістер, ет пен балық мұқият өңделеді, бактериялардың ену мүмкіндігі азаяды.

 

Егер өзіңіз үйде консервілеуді ұнатсаңыз, мына кеңестерді есте ұстаңыз: тұздалған өнімдерде тұз мөлшері 10%-дан жоғары болуы керек, бұл бактериялардың дамуын тежейді. Қантталған өнімдерде қант мөлшері кемінде 50% болуы қажет. Ет немесе балық консервілегенде 2% немесе 10% сірке суын қосу ұсынылады – бұл ортада қышқылдықты арттырып, микробтардың өсуін тежейді. Әрине, азық-түлікті де, банкаларды да мұқият тазалау қажет.

 

Ботулизмнің алдын алу – тамақтанар алдында өнімдерді мұқият тексеру. Бұл консервіленген тағамдарға да, зельц, шұжық, балық өнімдеріне де қатысты.

 

Күмән туғызатын кез келген тағамды тастап жіберген дұрыс – өйткені сіздің денсаулығыңыз бәрінен қымбат!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1049134?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version