Бүгін Ақмола облысының Чаглинка станциясына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келіп жетті. Бұл – ауыл және оған жақын елді мекен тұрғындарына тегін тексеру, кеңес беру және диагностикалық қызмет көрсететін нағыз жылжымалы клиникаға айналды.
Жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Денсаулық сақтау министрлігінің және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Бірнеше күн ішінде пойыз өңірдің алты елді мекенінде болып, одан кейін Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына аттанады.
“Ауыл тұрғындарын негізгі және тар бейінді бағыттар бойынша 29 маман қабылдауға дайын. Терапия мен хирургиядан бастап кардиология, офтальмология, урология, психология және басқа да салалар қамтылған. Пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия жасатуға, зертханалық талдаулар тапсыруға болады. Қажет болса, шағын хирургиялық операциялар жасаймыз, ал күрделі жағдайларда – порталға қойып, елдің үздік клиникаларына жолдаймыз. Азаматтығы жоқ адамдарды да қабылдаймыз”, – деді пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов.
Заманауи жабдықтар пациенттерді орнында-ақ толық тексеруге мүмкіндік береді, қалаға барудың қажеті жоқ. Барлық санитарлық және техникалық талаптар сақталған, ал қозғалысы шектеулі жандар үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Дәрігерлерден бөлек, пойыз құрамында Ұлттық комиссия жіберген заңгерлер мен медиаторлар да бар. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық рәсімдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі.
Ауыл тұрғындары пойыздың келетінін алдын ала біліп, отбасымен жиналып келді.
“Анам хабарландыруды көріп, міндетті түрде бару керек деді. Жасы келген, жүрегі мазалайды. Мұнда бір жерде ЭКГ де, УДЗ де жасап, кеңес берді. Бәрі тез әрі ыңғайлы. Қалаға жиі бара алмайтындар үшін бұл – нағыз мүмкіндік”, – деді Назгүл Закирьянова.
Чаглинкадан кейін медициналық пойыз 20–21 тамызда Қызыл ту ауылына, 22 тамызда Макинск қаласына, 23 тамызда Қазақ ауылына және 26–27 тамызда Өлеңті кентіне барады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1049504?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау