Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Азат Сұлтанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары болды.
Шығыс Қазақстан облысы – елдің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі, мұнда ауыл шаруашылығының жалпы өңірлік өнімдегі үлесі шамамен 7%-ды құрайды. Азат Сұлтановтың айтуынша, өсім әлеуеті әлі де жоғары.
«Мемлекет басшысы аграрлық сектор алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөнінде ауқымды міндет қойды.
Ол үшін өндірістің технологиялық деңгейін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу, сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды қолдану, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сондай-ақ мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту қажет. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр.Соңғы 10 жылда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін артты.
Биыл 7 485 өндірушіге жалпы сомасы 490,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді, оның ішінде ШҚО-ның 108 шаруаларына – 16 млрд теңге.
5% жылдық мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында 250 млрд теңге бөлініп, ШҚО-да 9,9 млрд теңгеге 367 техника бірлігі сатып алынды», – деді Азат Сұлтанов.
Жалпы, биыл Қазақстан бойынша егіс алқабы 23,6 млн гектарды құрады, оның ішінде ШҚО – 617 мың гектар. Егін жинау науқанына 402 мың тонна дизель отыны бөлінді, соның ішінде 20,5 мың тоннасы – ШҚО-на.
Сондай-ақ министрдің м.а. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын жеңілдетілген несиелендіруге қолжетімділікті кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында 2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді 5% мөлшерлемемен 35 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелеу енгізілгенін айтты. 2025 жылы бұл мақсаттарға 48 млрд теңге қарастырылған.
1 тамыздан бастап мал шаруашылығын 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелеу іске қосылды. Асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы әзірленуде.
ШҚО “Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату” бағдарламасына белсенді қатысуда. 2023–2024 жылдары өңірде 8 сүт-тауарлы фермасы қаржыландырылды, 2025 жылы тағы 6 жобаны іске асыру басталады.
Азат Сұлтанов қабылданып жатқан кешенді шаралар Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын неғұрлым тұрақты, заманауи және бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар қайта өңдеуші кәсіпорындар үшін айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының шарттары, Сүт және сүт өнімдеріне қатысты Кеден одағының бірыңғай техникалық регламентін қабылдау және басқа да өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау өткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1049224?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау