«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Балқаш көліне апаратын жол бойында «ecoBalqash» атты ауқымды экологиялық плоггинг ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – азаматтардың, әсіресе жастардың, экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, табиғатты аялауға үндеу. Осы экологиялық плоггингіне 250-ге жуық қатысушы жұмылып, қоршаған ортаның тазалығы үшін жұмыла еңбек етті.
Іс-шарада қатысушыларға арнайы қолғаптар мен қоқыс салатын қаптар таратылып, жол бойындағы және демалыс орындарындағы қалдықтар жиналды. Көлге жеткен соң жиналған 50 қап қоқыс ұйымдастырушыларға тапсырылып, белсенділер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Игі бастаманың ұйымдастырушысы – «Jetisy jastary» КММ. Мекеме өкілдерінің айтуынша, мұндай акциялар бір реттік қадам емес, болашақта жүйелі түрде жалғасатын тұрақты экологиялық дәстүрге айналуы тиіс.
«Табиғат – біздің ортақ байлығымыз. Оны қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Бүгінгі экологиялық плоггинг арқылы біз тек қоқыс жинап қана қойған жоқпыз, сонымен қатар қоғамға маңызды үндеу тастадық: табиғатты аялау – бұл жауапты өмір салты. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты дәл осындай еңбектер арқылы өмірімізге орнығатынына сенеміз. Жастарымыздың белсенділігі мен жанашырлығы бізге үлкен үміт береді. Осындай шаралар тек тазалықты емес, ұлттық рух пен экосананы да нығайтады», – деді «Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары
Арнай Рақымберліұлы.
Бұл бастама табиғатты қорғауға бағытталған тек физикалық еңбекпен шектелмей, экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Алдағы уақытта да «ecoBalqash» сынды жобалар жалғасын тауып, еліміздегі экологиялық қозғалыстың жаңа серпін алуына сеп болады деп сенеміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-comdev/press/news/details/1049460?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау