2025 жылдың 8 тамызында Жезқазған қаласындағы “Ahmad” кафесінде әйелдерге арналған “Sister`s party ” атты игі іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға 23 әйел мен 16 бала қатысты.
Іс-шараның мақсаты – әйелдердің рухани дүниетанымын кеңейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, имандылықты дәріптеу, сондай-ақ әйелдер мен балалар арасындағы бауырмалдық пен бірлікті нығайту.
Балалар үшін арнайы ойын алаңы дайындалып, олар өздеріне арналған қызықты ойындармен уақыт өткізді. Бұл ойындар тек көңіл көтеріп қана қоймай, балалардың достық қарым-қатынасын дамытуға және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге ықпал етті.
Әйелдер қауымы жайылған дастархан басында жиналып, «Салихалы әйелдің бейнесі» тақырыбындағы мазмұнды уағызға қатысты. Уағыз барысында отбасыдағы әйелдің орны, көркем мінез, сабыр мен имандылықтың маңызы кеңінен сөз болды. Уағызды теолог Бейсенбек Бақжанар жүргізді.
Сонымен қатар, іс-шараға психолог Шакимова Лола Сергеевна арнайы қатысып, қатысушыларға топтық және жеке психологиялық кеңес жүргізді. Әрбір әйелмен жеке жұмыс жасалып, өмірлік маңызды сұрақтарға кәсіби тұрғыда жауаптар берілді. Бұл кездесу әйелдерге терең ой салып, ішкі жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында түрлі қызықты ойындар мен жарыстар өткізілді: жүгіріп жететін ойындар, логикалық тапсырмалар мен діни сұрақ-жауап сайыстары. Бұл ойындар қатысушылардың белсенділігін арттырып, бір-бірімен жақынырақ танысуына жағдай жасады.
Кеш соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, іс-шара жоғары көңіл күймен аяқталды.
Бұл жиын – тек көңіл көтеру емес, рухани байып, психологиялық қолдау алуға, бір-бірімен байланыс орнатуға бағытталған маңызды басқосу болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-din/press/news/details/1049862?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау