Көппәтерлі тұрғын үйдегі жарналар: Пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың, автотұрақ орнының немесе қойманың әрбір меншік иесі не білуі тиіс?
Қазақстан Республикасының жаңа «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында 34-1-бап енгізілді, онда тұрғын үйді басқару және ұстауға арналған жарналарды төлеу тәртібі нақты айқындалған.
2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, автотұрақ орындарының және қоймалардың барлық меншік иелері ағымдағы, жинақ және мақсатты жарналарды төлеуге міндетті.
Жарналарды есептеудің негізі — жарналарды төлеу туралы жалпы жиналыстың хаттамасы болып табылады. Жалпы жиналыстың шешімінсіз меншік иелеріне қосымша жарналарды жүктеуге жол берілмейді.
Міндетті түрде төленуге тиіс жарналар:
Ағымдағы жарналар – тұрғын үйді басқаруға және ұстауға байланысты ай сайынғы шығындарды жабуға арналған.
Жинақ жарналары – тұрғын үйді күрделі жөндеуге арналған жинақ қорын қалыптастыру үшін.
Әрбір көппәтерлі тұрғын үй бойынша аталған екі міндетті жарнаға бөлек шоттар ашылуы тиіс: ағымдағы және жинақ (жинақтаушы) шоттар.
Сонымен қатар, меншік иелері жалпы жиналыс шешімімен мақсатты жарналарды бекітуге құқылы. Мақсатты жарналар төлем шоты арқылы төленеді.
Автотұрақ орындары мен қоймалардың иелері де өздерінің ауданына пропорционалды түрде ағымдағы, жинақ және мақсатты жарналарды төлеуге міндетті.
Жарналардың мөлшері мәслихаттармен бекітілген ең төменгі тарифтен төмен болмауы тиіс.
Жалпы жиналыста пәтерлерге, тұрғын емес үй-жайларға, қоймалар мен автотұрақ орындарына арналған мүліктің мақсатына сәйкес әр меншік иесі үшін жарна мөлшері бекітілуі тиіс.
Сонымен қатар, меншік иелері кондоминиум нысанын басқаруға және оның ортақ мүлкін ұстауға арналған жылдық шығыстардың сметасын бекітуі қажет.
Төлем мерзімі: есептік айдан кейінгі айдың 25-іне дейін.
Уақтылы төленбеген жағдайда – өсімпұл есептеледі. Қарызды нотариус немесе сот арқылы өндіріп алуға болады, бұл ретте талап қою мерзімі қолданылмайды.
Маңызды: Жинақ жарналарының қаражатын тек күрделі жөндеуге және тек жинақ шотынан қаражат алу және алу сомасын бекіту туралы жалпы жиналыс шешімі негізінде ғана жұмсауға болады.
Сондай-ақ, ағымдағы шоттан төленетін қаражат есебінен меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум нысанын басқару субъектісі ортақ мүлікті ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтер үшін төлем жүргізуге міндетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-energy/press/news/details/1050206?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау