Әлемдік сауда мен интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан халықаралық нарықтардағы қатысу аясын тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – МКК) қызметкерлері шетел тілдерін мақсатты түрде үйренуде. Аталған жоба аясында Астанада МКК-ның Оқу-әдістемелік орталығы базасында заманауи лингафон кабинеті салтанатты түрде ашылды.
Жаңа оқу сыныбы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген: жеке жұмыс орындары мен гарнитуралар, интерактивті панель және мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету шетел тілдерін тиімді әрі ыңғайлы үйренуге барлық жағдай жасайды.
Жоба Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) – БҰҰ-ның көші-қон агенттігінің қолдауымен, Канада иммиграция, босқындар және азаматтық істер министрлігі қаржыландыратын «Ауғанстаннан Пәкістан мен Орталық Азияға қоныс аударған азаматтардың қызметтерге қолжетімділігін арттыру және көші-қонды басқаруды жетілдіру» бастамасы аясында жүзеге асырылды.
Ашылу рәсіміне келесі тұлғалар қатысты:
– ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев;
– Канада Елшілігінің істер жөніндегі уақытша сенімді өкілі Зейнаб Алиева;
– Қазақстандағы ХКҰ миссиясының жетекшісі Серхан Актопрак.
Сөз алғандар халықаралық ынтымақтастық жағдайында жұмыс сапасын арттыру үшін тілдік дағдыларды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Шетел тілдерін білу – бұл жай ғана қосымша дағды емес, ол біздің қызметкерлеріміздің кәсіби өсуі үшін қажетті шарт. Бұл шетелдік әріптестермен, халықаралық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға және қызметтік міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті МКК төрағасы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1051004?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау