Жамбыл облысында жартыжылдықтағы иммундау қорытындылары шығарылып, вакцинацияны күшейту шаралары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында жартыжылдықтағы иммундау қорытындылары шығарылып, вакцинацияны күшейту шаралары талқыланды

Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының бас дәрігерлерінің қатысуымен аппараттық кеңес өтті.
Жиын барысында 2025 жылдың алғашқы 6 айындағы Жамбыл облысындағы екпенің көмегімен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал және профилактикалық екпелермен қамту мәселелері қаралды. Баяндамамен денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова сөз сөйледі.
Өңірде иммунопрофилактиканы нығайту және вакцинаның көмегімен басқарылатын инфекцияларды бақылау жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жалпы республика бойынша және 7 айдағы Жамбыл облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай — аталған инфекциялардың басым бөлігінің айтарлықтай төмендеуімен сипатталады. Мәселен, есепті кезеңде 482 қызылша дерегі тіркелді, өлім-жітім болған жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылша ауруы 2,4 есе, көкжөтел 17 есе, В гепатиті 2,87 есе азайды.
16 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы иммундау көрсеткіші — 45,7%. Бұл көрсеткішті мақсатты топтар арасында арттыру жұмыстары жүргізілуде. Өңірде 761 егу пункті мен 39 мобильді бригада жұмыс істейді. 3 060 медицина қызметкері екпе жасауға рұқсатпен оқытылған, халықпен жұмыс істейтін 9 жаттықтырушы дайындалды. 33 медициналық шегерімдерді қайта қарау комиссиясы құрылып, нәтижесінде 74 балаға екпе егілді. Екпелерді сақтау жүйесі жолға қойылған, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар қоймалар бар.
Жалған екпелердің алдын алу үшін Face-ID жүйесі қолданылады. Бас тартқан және күмәнданған азаматтармен жұмыс істеу үшін мобильді топтар құрылған. Медициналық кеңестер, дөңгелек үстелдер, үйме-үй аралау, жиындар және шығу іс-шаралары өткізілді. Буклеттер, бейнероликтер мен мақалалар таратылуда. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және теріс үгіт-насихатқа қарсы іс-қимыл шаралары қолға алынған.
Кеңес қорытындысы бойынша Сержан Назарбек иммундауды насихаттау бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейтуге тапсырма берді. Бұл — өңір халқының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту, медициналық персоналдың вакцинация мәселелері бойынша дайындық деңгейін арттыру, «қарындашпен» белгіленген екпелерге жол бермеу үшін ақпараттық жүйелерде ашықтық пен қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, әр емханада екпе бойынша штаттық үйлестірушілерді енгізу, мақсатты топтарды қамтуға жауаптыларды бекіту тапсырылды. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдар вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштар мен басқа да қажетті жабдықтарды толық сатып алуды аяқтауы тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1050809?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version