Цифрлы ашықтық: Қаржы министрлігі мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қалай күшейтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қаржы министрлігі азаматтармен ашық диалог құрып, мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуды көздейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып келеді. Аталған бастама отандастарымыздың нақты қажеттіліктерін ескеріп, тиісті заңдарды қазіргі жағдайға бейімдеу мен туындаған сын-қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Осы тұжырымдаманы іске асыру мақсатында Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Өскеменге барып, шығысқазақстандықтармен және облыстағы бюджет ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Комитет басшысы ведомствоның биылғы 6 айда атқарған жұмыс нәтижелері мен сын-қатерге бағдарланған тәсілді енгізудегі жетістіктер жөнінде, сондай-ақ превентивті әдістер мен цифрлы құралдарды аудит саласына белсенді қолдану туралы айтып берді.

Бүгінде ІМАК дамудың жаңа тұжырымдамалық бағыттарын айқындады. Мәселен, мемлекеттік ұйымдардағы келісімшарт міндеттемелерінің орындалуын қадағалау, мемлекеттік шығыстарды жоспарлау мен бухгалтерлік есепті жүргізудің камералды бақылау тәсіліне көшу, сондай-ақ еңбекақы мониторингі мен нақты секторда алдын алу аудитін жүйелі түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Негізгі жаңалықтардың бірі – Қаржы министрлігінің ақпарат жүйесінің базасында «Онлайн-бюджеттік мониторинг» модулінің іске қосылуы болды. Жыл басынан бері осы арқылы шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде заңсыз төлемдер анықталып, оның 775,4 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.

Аудит қызметіндегі тағы бір маңызды құрал – «Бұлтты бухгалтерия» жобасы. Оның көмегімен шынайы уақыт режімінде 192 млн астам бухгалтерлік жазбалар мен операцияларды бақылауға жол ашылды.

Аталған тетіктің басты мақсаты – аудит нысанын толық сүйемелдеу, бухгалтерлік есеп жүргізуде бұрмалаудың (манипуляциялардың) алдын алу және қашықтан мониторинг жасау арқылы мемлекеттік аудит нысандарына түсетін жүктемені азайтып, қаржылық тәртіпті күшейту.

Келесі маңызды бағыттардың бірі – мемлекеттік шығыстарды жоспарлау кезеңінде аудит жүргізу. Айталық, «Мемлекеттік жоспарлау» ақпарат жүйесі бюджетті қалыптастыру кезінде кемшіліктер мен тиімсіз сұраныстар анықтауға септседі. Мәселен, 2026-2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде сапасыз жоспарлау деректері 1,5 трлн теңге мөлшерінде болған.

«Біз бюджеттен бөлінетін әр теңгенің қозғалысын нақты уақыт режімінде қадағалай алатын жүйені құрып жатырмыз. Бұл кемшіліктерге жол бермей әрі қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлы құралдар бұзушылықтарды анықтаумен қатар оларды жоспарлау және орындау кезеңінде болдырмауға септігін тигізеді. Мұндай тәсіл мемлекеттік аудитті барынша ашық етіп, басқару тиімділігін арттырады және еліміздің орнықты экономикалық дамуына оң әсер етеді», деп атап өтті Е. Мыңжасаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1051686?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version