Абай Құнанбайұлы – ұлттың рухани көсемі және мәңгілік ойдың жұлдызы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы, қоғам қайраткері, аудармашы және композитор. Оның шығармашылығы – ұлттық әдебиет пен мәдениеттің алтын қазынасы ғана емес, сонымен бірге қазақ қоғамының рухани жаңғыруының негізі.

Абай өз дәуірінде ғана емес, бүгінгі күнде де ұлт руханиятының темірқазығына айналған тұлға. Абайдың шығармашылығы – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің биік шыңы, ал оның идеялары уақыт сынынан өтіп, әр кезеңнің рухани бағдаршамы болып отыр.

XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ даласы үшін тарихи өзгерістер уақыты болды. Ресей империясының отаршылдық саясаты, дәстүрлі билік жүйесінің әлсіреуі, рухани құндылықтар дағдарысы – осының бәрі Абай өмір сүрген ортаға тікелей әсер етті. Мұндай кезеңде халықтың алға басуы үшін жаңа ой, жаңа бағыт қажет болды. Әке тарапынан ықпалды, ауқатты отбасында өскен ол, жастайынан араб, парсы, түркі және орыс тілдерін меңгеріп, шығыс және батыс әдебиетімен танысты. Бұл білімдік байлық кейін оның шығармаларына өзіндік тереңдік пен әмбебаптық дарытты. Абай – сол қажеттіліктің жауабы ретінде тарих сахнасына шықты.

Абай поэзиясы – тек көркем сөздің ғана емес, терең ойдың, моральдық бағдардың қайнар көзі. Оның өлеңдерінде, Адамгершілік пен имандылық тақырыбы, еңбек пен білімнің маңызы, ұлт болашағына алаңдаушылық сияқты өзекті мәселелер көрініс тапты.

Абайдың поэзиясы мен қара сөздері қазақ халқының рухани кодын қалыптастырған іргелі дүние. Абай поэзиясында адамгершілік, білім, әділдік, еңбекқорлық, мәдени даму сияқты құндылықтарды насихаттап, қазақ қоғамына сын тұрғысынан қарауға шақырды. Ол өлеңдері арқылы «толық адам» концепциясын қалыптастырды. «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдері – жас ұрпаққа өнеге боларлық рухани сабақ. Бұл идеялар бүгінгі ұрпаққа ұлттық сана мен тәрбиенің негізін береді.

Абайдың қара сөздері – қазақ әдебиетіндегі философиялық прозаның алғашқы әрі биік үлгісі. Қара сөздерінде ол адам мінезінің кемшіліктерін ашып, қоғамдағы әділетсіздік пен надандықты сынап, ел болашағына бағыт-бағдар береді. Бұл туындылар бүгінгі күннің өзінде өміршең, себебі олар адам табиғаты мен қоғам дамуының жалпы заңдылықтарын терең түсіндіреді.

Абайдың қара сөздері – философиялық трактаттар іспетті, ол адам болмысы, тәрбие, білім, дін, мораль, қоғам және заман жайлы терең ойларымен бөліседі. Мысалы, отыз сегізінші сөзінде иман мен ғылымның байланысын талдаса, ал жетінші сөзінде жастық пен қарттықтың айырмашылығын салыстырады.

Абай тек ақын ғана емес, аудармашы ретінде де қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтті. Абай қазақ әдебиетіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақша сөйлетіп, сондай-ақ Еуропа мәдениетінің інжу-маржандары Гете мен Байрон сынды әлем классиктерінің туындыларын аударып, халқына танытып, ұлттық әдебиетті жаңа деңгейге көтерді. Оның «Татьянаның хаты» қазақ даласында ән болып тарап, халықтық өнерге айналды. Бұл – қазақ қоғамын өркениетке жақындатқан мәдени көпір болды.

Абай шығармашылығының өзегі – халықты надандық пен жалқаулықтан арылту, ғылым мен өнерге шақыру. Оның «Біріңді қазақ бірің дос» деген ұлағаты – бірлік пен татулықтың мәңгілік формуласы. «Еңбек қылмай ер оңбас» деген тұжырымы – бүгінгі нарықтық заманда да экономикалық және әлеуметтік табыстың басты шарты. Ал «Ғылым-білімді әуел бастан балаға бермек керек» деген пікірі – қазіргі білім беру саясатының негізгі қағидаттарының бірі.

Абаймен қойылған талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымдылық қағидалары бүгінде де жеке тұлғаның дамуы мен елдің өркендеуінің берік негізі болып отыр.

Бүгінгі таңда Абайдың «толық адам» концепциясы – ұлттық тәрбие, білім беру, рухани даму бағдарламаларының іргетасына айналып отыр. Оның шығармалары жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, жаһандану дәуірінде өз болмысын сақтауға көмектеседі.

XXI ғасырда да Абай идеялары өзектілігін жоғалтқан жоқ. 2025 жылы Қазақстанда Абайдың 180 жылдық мерейтойы аталып өтуі – оның шығармашылығының уақыттан тыс құндылығын тағы бір дәлелдеді. «Абай жолы» романы арқылы әлем қазақ халқының тарихы мен мәдениетін таныды.

XXI ғасыр – жаһандану, технологиялық өзгерістер және мәдени жаңғыру дәуірі. Бұл кезеңде әрбір ұлт өзінің рухани бірегейлігін сақтап, әлемдік өркениетпен үйлесімді дамудың жолдарын іздейді. Қазақстан үшін бұл міндеттің түп қазығы – Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен оның рухани құндылықтары.

Қазақстанда 2017 жылдан бастап басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттық сана мен мәдениетті жаңғырту, тарихи-мәдени мұраны сақтап, модернизациялауға бағытталған кешенді шара. Бұл бағдарлама жастарды рухани құндылықтарға баулып, инновация мен білімді елдің өркендеуінің басты драйвері ретінде қарастырды.

Абайдың шығармашылығы – ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілген мерейтойлар, әлем тілдеріне аударылған еңбектері – оның әлемдік мәдениеттегі орнын дәлелдейді.

Абай – бір ғана дәуірдің емес, бүкіл болашақтың ақыны. Оның сөзі – мәңгі, ойы – өлмес, рухы – ұлтпен бірге жасайтын шырақ. Оның поэзиясы мен қара сөздері – ұрпақтан-ұрпаққа жол тартқан мәңгілік аманат. Бүгінгі ұрпақ үшін Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, болашаққа жол сілтеу.

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – қазіргі Қазақстандағы рухани жаңғырудың негізі әрі қозғаушы күші. Оның идеялары ұлттық сананы жаңғыртып, қоғамды модернизациялауда бағдаршам болып тұр. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұра және заман талабына сай бейімделу жолы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-kyzylorda/press/news/details/1050060?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version