АИТВ жұқпасы – адамның ағзасына адам иммун тапшылығы вирусы (бұдан әрі – АИТВ) түскен кезде дамитын ауру. Бұл вирус иммундық жүйеге зақым келтіріп, ағзаның қорғаныс қабілетінің әлсіреуіне әкеледі. АИТВ адам ағзасындағы тек белгілі бір жасушаларды иммундық жүйенің Т-лимфоциттерін зақымдайды.
Иммун тапшылығы – бұл ағзаның түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұра алмайтын жағдайы. АИТВ адам ағзасында өмір сүріп, көбейе отырып, әртүрлі жұқпалы аурулардан, қатерсіз және қатерлі ісіктерден қорғануға жауапты жасушаларды бұзады. Егер емделмесе, бұл жағдай жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына (бұдан әрі – ЖИТС) әкелуі мүмкін. Аурудың ауырлығына қарамастан, АИТВ-ның алдын алуға болады.
АИТВ жұқпасының көзі – кез келген сатысындағы, соның ішінде инкубациялық кезеңдегі АИТВ жұқтырған адамдар ғана болып табылады. АИТВ жұқпасының инкубациялық кезеңі – бұл вирустың ағзаға енген сәтінен бастап ағзаның оған қарсы жауап (клиникалық белгілердің немесе антиденелердің пайда болуы) бергенге дейінгі уақыт. Әдетте бұл кезең 2-3 аптаға созылады, бірақ кейде 3-8 айға, тіпті 12 айға дейін ұзартылуы мүмкін.
АИТВ-ның берілу жолдары:
– қорғанусыз жыныстық қатынас арқылы;
– стерильді емес шприцтер мен инелерді қолдану кезінде;
– жүкті кезде, босану немесе емшекпен емізу барысында анадан балаға;
– қан құю немесе ағза мүшелерін трансплантациялау кезінде.
АИТВ – құшақтасу, қол алысу, сүю, жәндіктердің шағуы, ортақ ыдысты қолдану, бассейнде шомылу немесе ауа арқылы жұқпайды.
АИТВ-ның алдын алудың негізгі шаралары:
– жыныстық қатынастың кез келген түрінде мүшеқапты қолдану – жұқтыру қаупін едәуір төмендетеді;
– кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу және серіктеске адал болу;
– өзіңіз де, серіктестеріңіз де АИТВ-ға тұрақты түрде тест тапсыру;
– ешқашан ортақ шприцтер мен инелерді қолданбау.
АИТВ алдын алу – бұл тек жеке жауапкершілік қана емес, сонымен бірге қоғам денсаулығына қосқан үлес. Уақытылы тест тапсыру, қауіпсіз мінез-құлық пен ақпараттандыру миллиондаған адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі. Егер сіз жұқтыру қаупі бар деп ойласаңыз немесе тексеруден өтуді қаласаңыз, жақын маңдағы ЖИТС орталығына немесе медициналық мекемеге жүгініңіз
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1049727?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау