Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігінің мәжіліс залында Ақтөбе облыстық ардагерлер Кеңесінің кезекті төралқа отырысы өтті.
Күн тәртібінде Ақтөбе облысында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары мен ардагерлер кеңестерінің қарт адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары, сонымен қоса, Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының қызмет деңгейін көтеру жөніндегі іс-шаралары қаралды.
Жиында сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров ардагерлер ұйымының қоғамдағы рөліне тоқталып, оны ел бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын қоғамдық институт ретінде атап өтті. Әкім ардагерлердің мемлекеттік саясатты түсіндіру, жастарға тәлім-тәрбие беру, елдімекендерді аралап әлеуметтің әлеуетімен танысу және өзекті мәселелерді көтеру бағытындағы белсенді еңбегін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, өңір басшысы қазіргі қоғамда біршама күрделі мәселелер бар екенін айтып, бұл бағытта өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің әлеуетін тиімді пайдалану мемлекеттік органдар үшін үлкен қолдау болатынын жеткізді.
Облыс әкімі бірлескен жұмыстың одан әрі жанданып, негізгі мақсаттарға жетуге септігін тигізетініне сенім білдіріп, ардагерлер кеңесіне сәттілік тіледі.
Президиум мүшелері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Л.Оразбаева, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Сұлтангереев, «Әжелер алқасының» төрағасы Э. Өтепбаева, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қ.Аймағанбетовтің баяндамаларын тыңдап, атқарылған жұмыстарды оң бағалап, алдағы кезеңге нақты міндеттерді айқындады. Әсіресе, аға буынның өмір сүру сапасын арттыру, медициналық қызмет қолжетімділігін кеңейту және қоғамдық белсенділікті нығайтуға баса назар аударылды.
Басқосу соңында Асхат Шахаров өңір дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерді Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қалқаман Жанкелді «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1050158?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау