Жетісу облысында Халықаралық жастар күніне арналған «JetFlow» онкүндігі аясында жастардың бизнес идеяларын іске асыруға қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды. Грант иегерлерінің басым бөлігі ауыл жастары, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісуда жыл сайын жастарды қолдау, жеке ісін ашуға жәрдемдесу мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасына 30 млн. теңге бөлініп, 10 бизнес-жобаға 3 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріліп келеді.
– Облыста ауыл жастарына, әсіресе, NEET санатындағы жастарға қолдау шаралары тұрақты көрсетіледі. Соның бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Бұл қолдау жастардың өз кәсібін дамытуға немесе жеке ісін жаңадан бастауға мүмкіндік береді. Бұл қоғамда олардың өз орнын табуына елеулі ықпал етеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов марапаттау салтанатында.
Мәселен, биыл өңір жастарының арасынан мал, өсімдік және балық шаруашылығы, сүт өнімдері өндірісі, қолөнер және шағын өндіріс, агро және экотуризм бағыттарында бизнес-жобаларын ұсынғандар жеңімпаз атанды.
Солардың бірі Көксу ауданының тұрғыны Анеля Елубаева заманауи ұлттық нақыштағы балалар киімін тігетін ателье ашу жобасын ұсынды.
– Тігіншілікті алғашында хобби ретінде анамнан үйрендім. Кейін қызығушылығым артып, түрлі курстарға қатысып, шеберлігімді шыңдадым, тігіншілікті табысты кәсіпке айналдыру туралы ой келді. Бұл бизнес идеяны ойымда пісіріп жүргеніме бір жылдан асты. Конкурсқа жобамды ұсынып, мемлекеттік қолдаудың арқасында грант ұтып алдым. Бұл қаражатқа тігін машинасын, заманауи жабдықтар, сапалы мата, фурнитура сатып алуға, сол сияқты шағын ательемінің жұмысын әлеуметтік желіде жарнамалауға жұмсаймын. Балалардың ұлттық стильдегі киімдерін тігіп, өзімнің брендімді қалыптастырғым келеді, – деді жас кәсіпкер А. Елубаева.
Ал Талдықорған қаласының Өтенай ауылдық округінде тұратын Жантас Байбол егін шаруашылығына өз үлесін қосуға ниетті.
– Соңғы жылдары топырақ тозып, құнарын жоғалта бастады. Соның салдарынан егістік жерлердің сапасы төмендеп, өнімділік азаюда. Сондықтан біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамыз ету мен өнімділікті арттыру үшін ауыл шаруашылығына инновациялық шешімдерді енгізу қажет деп тауып, аэропоникалық өнімдер жобасын жасап шығардық. «ÓSIM Agro» – өсімдіктерді топырақсыз, тамырларына ылғал мен қоректік заттарды жеткізу арқылы өсірудің жаңа технологиясы. Осы тәсілді өткен жылдың қазан айынан бастап аздаған дақыл өсіріп, тәжірибеден өткізіп көрдік, бұл тәсіл өзінің жоғары нәтижесін көрсетті. Сондықтан осы жобаны ары қарай дамытуды жоспарлап, осы грант конкурсына қатыстым, – дейді грант иегерлерінің бірі Ж. Байбол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/1050220?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау