Спорт пен дене шынықтыру – Қаржы министрлігінің корпоративтік мәдениетінің айнымас бөлігі. Жүйелі жаттығуларға қатысу, түрлі жарыстарда бақ сынау, денсаулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау – ұжымда өзара сыйластық пен ынтымаққа толы жағымды ахуал қалыптастырып, командалық рухты асқақтатады. Еліміздің мемлекеттік органдары қызметкерлері үшін спорттық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, ведомствоаралық байланыстарды бекемдей түсуде және салауатты өмір салтын дәріптеуде елеулі үлес қосып келеді.
Осылайша, елорда төрінде 2020–2025 жылдарға арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында QAZAQSTAN QYZMET CUP 2025 мини-футбол турнирінің шешуші кезеңі өтті. Дода алаңына еліміздің түрлі мемлекеттік органдары мен ұйымдарын танытқан 24 команда жиналды. Бұл турнир – тек спорттық шеберлікті сынға салатын жарыс қана емес, сондай-ақ командалық бірлікті бекемдейтін, салауатты өмір салтын насихаттайтын, мемлекеттік қызметшілер арасында корпоративтік спорт мәдениетін өркендететін маңызды алаңға айналды.
QAZAQSTAN QYZMET CUP турнирі 2018 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің тұрақты қолдауымен өткізіліп келеді. Тоғыз маусым бойы бұл жарыс 250 мемлекеттік мекемеден 4 мыңнан астам қатысушыны тоғыстырып, мемлекеттік қызметшілер арасында корпоративтік мәдениетті нығайтудың және спортты кеңінен дәріптеудің бірегей алаңына айналды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің орталық аппараты, ведомстволары және бағынысты ұйымдарының қызметкерлерінен құралған құрама команда турнир барысында жоғары деңгейде ойын көрсетіп, үздік үштікке енді. Жеңіске деген жігері мен ұйымшылдықтың арқасында команда үшінші орынды иеленіп, бұл табысы арқылы 2025 жылғы 4–7 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында өтетін QQC SUPER CUP турниріне жолдама алды. Бұл жетістік — тек спорттық шеберліктің емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің ауызбіршілігі мен жанкешті еңбегінің айқын көрінісі.
Айрықша марапатқа «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ бас маманы Абылай Болатбекұлы ие болды. Ол футбол турниріндегі барлық ойын қорытындылары бойынша 300-ден астам қатысушының арасынан суырылып шығып, «Үздік шабуылшы» атағын жеңіп алды. Әрбір ойында гол соғып, шапшаң қимылы, тактикалық сауаттылығы және шешуші сәттерде қабылдаған дәл шешімдері арқылы командасының жеңісіне зор үлес қосты. Оның алаңдағы ұтқыр ойыны мен шеберлігі көпшілікке үлгі болып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл марапат – тек спорттағы жетістіктің емес, сондай-ақ табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын көрінісі.
Қаржы министрлігі командасының бұл жетістігі – ұйымшылдықтың, спорттық рухтың және шеберліктің жарқын көрінісі. Бұл жеңіс мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, ведомствоның беделін арттыруға да елеулі үлес қосты. Команданың табандылығы мен ауызбіршілігі, ортақ мақсат жолындағы күш-жігері кәсіби біліктілікпен ұштаса отырып, ел мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлердің жан-жақты дамыған тұлға екенін дәлелдеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1050442?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау