Жамбылдық онкохирургтар ота жасауға келмейтін науқастың өмірін сақтап қалды
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында бұған дейін мүмкін емес деп есептелген бірегей, жоғары технологиялық ота сәтті жасалды.
1965 жылы туған науқас К. үш ай бойы тоқтаусыз жөтелден, қақырықпен бірге қан түкіруден және дене салмағының күрт төмендеуінен зардап шеккен — қысқа уақыт ішінде 12 килограммға арықтаған. Тұратын жерінде учаскелік дәрігермен кеңескеннен кейін оған кеуде қуысының рентгенографиясы мен компьютерлік томографиясы (КТ) жасалды. Нәтижесінде оң өкпенің жоғарғы бөлігінде қатерлі ісік — орталық түрдегі карцинома анықталды.
Бейнебронхоскопия (өкпенің ішкі бөлігін бейнеқұралмен тексеру) және биопсия (ісіктен тін үлгісін алу) диагнозды растады — бұл плоскоклеточная неороговевающая карцинома (мүйізденбейтін жалпақ жасушалы карцинома), өкпенің ең агрессивті қатерлі ісік түрлерінің бірі. Науқас өз бетінше Алматы қаласындағы дәрігерлерден кеңес алды. Онда мұқият тексеруден кейін мамандар “операция жасауға келмейді” деген қорытынды шығарды. Себебі — ісіктің кеуде қуысындағы орталық аймақты қаптайтын қабыққа және жүрекке тым жақын өскен. Ұсынылған жалғыз жол — паллиативтік (аурудың асқынуын баяулату мақсатындағы) химиотерапия болды.
Сөйтіп науқас Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығына химиотерапия алу үшін келгенде, орталықтың директоры Жандос Сейдахметов бастаған дәрігерлер тобы қайта консилиум өткізді. Олар бұрын-соңды болмаған, бірақ шешуші қадамға барды: ота жасауға шешім қабылданады.
Мұндай жағдайлар медицина тәжірибесінде кеуде қуысын ашып, биопсия алуымен (ісіктің таралуын тексеру) аяқталады, өйткені мұндай ісікке ота жасау мүмкін емес.
Бірақ жамбылдық онкохирургтар батыл қадамға барды.
Операция 6 сағатқа созылды. Дәрігерлер науқасты толық ұйықтатып, кеудесінің оң бүйірін тіліп ашты. Ота кезінде өкпені қоршап тұрған қабықтың бірнеше бөлігі алынды, өкпенің жоғарғы бөлігі кесіліп тасталды. Сондай-ақ негізгі тыныс жолының (бронхтың) бір бөлігі алынып, қайта жалғанды.
Мамандар ісіктің кеуденің ортасына дейін өскенін және жүрекке баратын басты тамыр – қолқа доғасына жабысып қалғанын көрді. Бұл өте қауіпті әрі күрделі аймақ болғандықтан, мұндай жұмысты тек ең тәжірибелі хирургтар жасай алады. Жандос Сейдахметов бастаған команда тәуекелге барып, қолқа доғасының бір бөлігін кесіп алып, арнайы тігу аппаратымен қайта бекітті.
Нәтижесінде ісік толығымен алынып, айналасындағы зақымданған лимфа түйіндері де сылынды. Ота сәтті өтті. Дәрігерлер науқастың жағдайын жақсы деп бағалап отыр. Қазір, операциядан бірнеше күн өткен соң, ол өзін жақсы сезінуде және бесінші күні ауруханадан шығуға дайын.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдайда паллиативтік химиотерапия тиімсіз болар еді — мүйізденбейтін жалпақ жасушалы карцинома оған жауап бермейді. Одан бөлек, уақытты созу немесе хирургиялық емнен бас тарту науқастың өліміне әкелетін жаппай қан кетуге соқтырар еді.
Бұл оқиға — ең күрделі жағдайларда да белсенді ем жүргізу арқылы өмір сақтап қалуға болатынын көрсететін айқын мысал. Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы заманауи тәсілдер мен жоғары технологиялық әдістерді енгізуді жалғастырып, аймақтағы медицинаның дамып келе жатқанын және науқастардың сауығу мүмкіндігінің артып келе жатқанын дәлелдеп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1050017?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау