Абайдың 180 жылдығына орай Қарауылда «Жеті қазына» республикалық ұлттық мәдениет, спорт және туризм байқауы өтті.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешені мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері қатысып жатыр. Атап айтқанда Исмайлов Райымхан «Ер жігіт – 2025» сайысында, Мамеш Жібек «Сұлу әйел – 2025» байқауында, Мәнсұр Шұғыла «Абай оқуларында» облыс намысын қорғады. Үш күнге созылатын шара аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Берен мылтық» сайыстары ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта Қарауыл ауылындағы Абай саябағында қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел» сайысы өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 25 ару қатысуда. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ақын мұрасын дәріптеуге арналған «Ілім, білім: Абай оқулары» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 үміткер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан бәсекеге түсіп жатыр. Сондай-ақ, бүгін «Ер жігіт» сайысының бірінші кезеңі басталды. Қатысушылар теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсті.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді, қазақи болмысты, рухани мұра мен зияткерлік байлықты жаңғырту және жас ұрпаққа үлгі ету. Жалпы фестивальге Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай облысының 10 ауданынан өкілдер қатысты.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау