Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар өндірген өнімдердің көрмесі мен прокуратура, мемлекеттік органдар, бизнес және қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының ҚАЖ мекемелерінің базасында өндіріс орындарын ашу арқылы сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында өткізілді. Кездесу барысында негізгі талқыланған тақырыптар — сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту, әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері және шығарылатын өнімді өткізу мәселелері болды.
Диалог алаңына Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, ҚАЖ департаментінің және облыстық басқармалардың басшылығы, «Даму» қорының, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның өкілдері, жер қойнауын пайдаланушылар мен кәсіпкерлер қатысты.
ҚАЖ департаментінің басшысы Руслан Уразбаевтың айтуынша, №8 мекемеде бүгінде 14 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар шамамен 450 сотталған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Басты бағыттарға – тігін өндірісі, темір-бетон бұйымдарын шығару, жөндеу-механикалық жұмыстар, жинау және қалдықтарды өңдеу жатады.
– Бұл тек қана жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеуге қосылған үлес емес, сонымен қатар бизнес үшін нақты мүмкіндік, – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов. – Алайда, кәсіпкерлерді түзеу мекемелері базасында өндіріс алаңдарын ашуға кеңінен тарту үшін тиімді жағдайлар жасау қажет. Атап айтқанда, логистика мен инфрақұрылым мәселелерін шешу, сондай-ақ қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен бірге, ҚАЖ мекемелеріндегі жұмыс істеп тұрған өндірістердің бірыңғай тізілімін құруды ұсынамыз. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, әділ бәсекелестік орнатуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisaktobe/press/news/details/1047945?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау