Қарағанды облысына қарасты өзге өңірлермен салыстырғанда, туристік қала саналатын Балқашта маңдайшалардағы жазулар, деректемелер мен сыртқы жарнама «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңының талаптарына сай рәсімделіп,жазылғаны қуантты.
Бүгін Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева тіл саясатына қатысты атқарылып жатқан іс-шаралардың орындалу барысын бақылап, көрнекі ақпаратты орналастыруда тілдік нормалардың сақталуы мен заңнамаға енгізілген өзгерістерді кәсіпкерлерге түсіндіру, сонымен қатар көрнекі ақпаратқа мониторинг жүргізу мақсатында Балқаш қаласына іссапармен барды.
Басқарма басшысы алдымен туристік қаладағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысымен танысты. Қаладағы оқыту орталықтарының қызметін бағдарлап, түрік тілін үйрету сабағына қатысты.
Одан кейін көрнекі ақпаратқа қатысты заң талаптарын түсіндіру мақсатында Балқаш қаласындағы бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізілді.
Семинар-кеңеске Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Д.Б. Серіков және Балқаш қалалык мәслихатының төрағасы А.Муслымов қатысты. Сонымен қатар,«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, тіл бөлімі мамандары және Балқаш қаласының іскер жандары шақырылды. Кездесу спикері-басқарма басшысы А.Қ. Шалабаева «Көрнекі ақпарат пен жарнамадағы өзекті мәселелер» тақырыбында сөз сөйледі.
Заң талаптарына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарында мәзірдің мемлекеттік тілде ұсынылу қажеттігі де ескертілді.
Балқаш қаласындағы тіл бөлімі мамандары ас мәзірін толықтай қазақшаға аудару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, кәсіпкерлерге мемлекеттік тілде сауатты аударма жасау бойынша тегін көмек көрсетілетінін атап өтті.
Балқаш қаласының бизнес өкілдері көрнекі ақпаратты аудару бойынша кеңес алу үшін
8 708 844 90 41 нөміріне хабарласуына болады.#қарағандытілдердідамытубасқармасы #қарағандыкөрнекіақпарат
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1047601?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау