Ақмола облысында 2025 жылы білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және тұрғын үй салаларын қамтитын ауқымды әлеуметтік құрылыс бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жалпы бюджеті шамамен 42 млрд теңгені құрайды, оның ішінде тек әлеуметтік инвестициялық жобаларға 37,7 млрд теңге бағытталған.
Қазіргі уақытта 53 нысан бойынша жұмыс жүргізілуде, соның ішінде 37-сін биыл аяқтау жоспарланған. Қаржыландырудың елеулі бөлігі қайтарылған жемқорлық активтерінен бөлініп отыр. Бұл қосымша салықтық қаражат тартпай-ақ мектептер, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет орталықтарын салуға мүмкіндік береді. Мәселен, Зерендіде спорт мектебі мен төрт ауылдық денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, ал Көкшетауда 650 орындық арена, түрлі спорт түрлеріне арналған залдар мен заманауи тирді қамтитын көпфункционалды кешен салынып жатыр.
Білім беру саласында жалпы құны 18,7 млрд теңге болатын 10 нысан бой көтеруде. Оның ішінде Бестөбеде мектеп және Көкшетауда мектеп-интернат бар. Бұл жобалар қайтарылған активтерден қалыптасатын Білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүзеге асуда. Жыл соңына дейін бес жаңа мектеп, екі жатақхана және тіл кемістігі бар балаларға арналған алғашқы мамандандырылған балабақша ашылады. Денсаулық сақтау саласында 14 нысан аяқталмақ. Олардың қатарында толыққанды медициналық қызмет көрсететін Степняктағы бірегей медициналық кешен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тоғыз ауылдық емдеу мекемесі бар.
Спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде – жыл соңына дейін сегіз нысан ашылады. Олардың ішінде Щучинскідегі спорт сарайы, Макинскідегі бассейн, сондай-ақ бірнеше ауылдағы ашық спорт алаңдары мен ФОК-тер бар. Мәдениет саласында 15 жоба жүзеге асырылуда. Оған Мәдениет үйлері, демалыс орталықтары және тұрғындар мен туристер үшін жаңа тартылыс орталығына айналатын Бурабайдағы Променад кіреді.
Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен жүріп жатыр: қазірдің өзінде 311 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Жыл соңына дейін 521 пәтерден тұратын 12 әлеуметтік үйді тапсыру және жеке құрылысшылардан тағы 686 пәтер сатып алу жоспарланған. Барлығы 2025 жылы 1 207 әлеуметтік осал отбасы тұрғын үймен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек, өңірде жаңа нысандардың жобалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оған мектептер мен амбулаториялар, өрт сөндіру деполары, Бурабайдағы конгресс-орталық және Қосшыдағы IT-колледж кіреді. Барлық жобалар тұрақты бақылауда, ал басқарма өкілдерінің айтуынша, олардың жүзеге асырылуы жалғаса бермек. Бұл облыс тұрғындарын жайлы өмір сүру жағдайымен, сапалы қызметтермен және даму мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1052238?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау