Бірінші вице-министр Жамбыл облысына МӘМС туралы заңдағы өзекті өзгерістерді түсіндіру үшін келді
Жамбыл облысына сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің және медициналық ұйымдар басшыларының қатысуымен аппараттық кеңес өткізді. Өз сөзінде ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамадағы негізгі өзгерістерді түсіндірді. Президент 2025 жылғы 14 шілдеде қол қойған жаңа заңда МӘМС жүйесін реформалауға бағытталған кешенді шаралар көзделген. Негізгі мақсаттар – денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақтылығын арттыру, жарналарды әділ бөлу және халықтың сақтандыру медицинасына қамтылуын кеңейту.
Қабылданған өзгерістердің ішінде – жарналар есептелетін табыстың жоғарғы шегін арттыру: қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақыға дейін, жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақыға дейін. Мемлекет қаржыландыруға өзінің қатысу үлесін кезең-кезеңімен арттырады: 2025 жылы 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қосымша жүктеме түсірмей. 2026 жылдан бастап негізгі медициналық бағыттар бойынша тарифтер көтеріледі, ал 2027 жылдан бастап Қазақстан денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бөлігі сақтандыру үлгісіне көшеді, онда шығындардың 65%-ы МӘМС арқылы жабылады. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттарға жататын адамдарға жарналар жергілікті бюджет есебінен төленіп, халық қамтылуы кеңейтіледі. 2026 жылы қамту 95%-ға жетеді деп күтілуде.
Қосымша ретінде медициналық ұйымдар мен Қор жұмысының ашықтығын арттыру, сондай-ақ Медициналық фармацевтикалық бақылау комитеті тарапынан бақылауды күшейту шаралары енгізіледі. Сонымен қатар, бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар төлемде уақытша үзіліс болған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарушы директоры Жанар Ботагарина өз сөзінде Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізудің артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Жаңа тәсіл мемлекеттік базалық кепілдіктер мен МӘМС жүйесі арқылы көрсетілетін қызметтерді біріктіреді. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуді, шұғыл және паллиативтік көмекті, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыруды жалғастырады. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық онкоскринингтер азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін болады.
Жанар Ботагаринаның айтуынша, пакеттерді біріктіру медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, халықтың сенімін арттырады және саланың тұрақты дамуына жағдай жасайды. Маңызды бағыттардың бірі – халықты белсенді түрде ақпараттандыру және бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыру.
Кеңес қорытындысында бірінші вице-министр халықпен және медициналық қауымдастықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ медициналық көмектің кепілдендірілген қолжетімділігін толық түсіндіру қажет. Ерекше назар әлеуметтік осал топтарды ақпараттандыруға және Бірыңғай медициналық көмек пакетінің артықшылықтарын түсіндіруге аударылуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1052505?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау