Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай Көкшетау қаласында «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Түркістандық айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов оза шауып, қазылар алқасының шешімімен аламанның бас жүлдесіне ие болды.
Айтыстың жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, ғалым, қоғам қайраткері Аманжол Әлтаев. Қазылар алқасының құрамына мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері енді. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, академик, жазушы әрі журналист Уалихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, ақын Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын Арман Бердалин, Халықаралық ақындар-айтаскерлер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жыршы-термеші Құдайберлі Мырзабеков және мәдениет саласының басқа да құрметті өкілдері бар.
Аламанға еліміздің әр аймағынан келген белгілі айтыскер ақындар қатысты. Атап айтсақ, Дәурен Ақсакалов пен Біржан Байтуов, Аспанбек Шұғатаев пен Рауан Қайдар, Нұрбол Жауынбаев, Нұрзат Қару, Еркебұлан Қайназаров, Мұхтар Қонарбай, Мұхаммед Қонқаев пен Ерлан Дәулет айтыстың көркін қыздырды.
Айта кетейік, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Бас демеуші – «ЖК Жакупов» құрылыс компаниясы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/1052702?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау