Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және лудоманияның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс аясында Департаментпен онлайн ортада құқықбұзушылықтарды анықтауға бағытталған бірқатар шаралар жүргізілді.
2025 жылдың басынан бастап әлеуметтік желілерді мониторингтеу нәтижесінде Instagram желісінде заңсыз лотерея қызметін жүргізген 12 аккаунт анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша олардың иелері ӘҚБтК-нің 445-1-бабы, 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Онлайн-казиноны жарнамалау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың маусым айында 2,3 миллион және 303 мың жазылушысы бар екі танымал блогердің стористерінде құмар ойындарға сілтемелер мен промокодтар жариялағаны анықталды. Бұл фактілер бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды.
«Онлайн кеңістік — құмар ойындардың, соның ішінде кәмелетке толмағандар арасында таралуының негізгі арналарының бірі болып отыр. Осыған байланысты біз интернет-контентке тұрақты мониторинг жүргізіп келеміз. Заңсыз ойын функционалы бар сайттарға сілтемелер цифрлық даму министрлігінің “Кибернадзор” жүйесіне бұғаттау үшін жолданады», — деп атап өтті ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2-Оперативтік басқармасының міндетін атқарушы Қуат Рахимбаев.
2025 жылы 637 сайтты бұғаттауға сұраныс жолданып, олардың 591-і сәтті бұғатталды. Сонымен қатар, құмар ойындарды заңсыз көрсеткен 21 интернет-ресурс анықталды.
Айта кету керек, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру — қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Департамент қоғамда лудомания деңгейін төмендету және азаматтарды заңсыз ойындарға тартудан қорғау мақсатында алдын алу шараларын кешенді түрде жалғастыруда. Халықты ақпараттандыру жұмыстары аясында ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, QR-коды бар тақырыптық буклеттер мен плакаттар таратылуда, бұл іске еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар да белсенді атсалысуда
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-oskemen/press/news/details/1052623?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау