Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, «Atyrau Jastar fest-2025» атты мерекелік іс-шара өткізді. Бұл шара заңға құрмет пен тәртіпке бағыну құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастарға және қала тұрғындарына есірткінің зияны мен оның заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде ақпарат беріп, арнайы жадынама парақтарын таратты. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызы айтылды. Іс-шара барысында жастар заң тақырыбында сұрақтарға жауап беріп, өз көзқарастарын еркін білдіруге мүмкіндік алды.
Жасөспірімдер заң мен тәртіптің қоғамдағы рөлі, әділдіктің маңызы және бос уақытты тиімді өткізу жолдары жөнінде пікір алмасты. Шараға қатысқан жастар бір-бірінің ойынан шабыт алып, құқықтық сауаттылықтың өз болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. Олар мұндай кездесулердің өздеріне сенімділік беріп, дұрыс таңдау жасауға көмектесетінін жеткізді.
– «Atyrau Jastar fest-2025» – бұл тек көңіл көтеру емес, сонымен қатар жасөспірімдер мен жастардың бойында заңға құрмет сезімін қалыптастыруға, есірткінің зияны мен одан аулақ болудың маңызын түсіндіруге бағытталған мерекелік шара. Өнер мен шығармашылықты құқықтық тәрбие құралы ретінде қолдану – жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың нақты үлгісін көрсетеді», – деді Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1052404?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау