МАҚТААРАЛДА АЙЫП-НҰРДЫҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін туған жері Мақтааралды жырымен тербеп, рухани мұрасымен ұрпаққа өнеге болған қаламгер, жазушы, қоғам қайраткері Айыпберген Балтабайұлының (Айып-Нұр) 75 жылдық мерейтойына арналған «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кеші мен «Бір кем дүние…» кітабының тұсаукесері өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, қоғам белсенділері, аудан тұрғындары және жастар қатысты.
Шараның шымылдығы мерейтой иесінің өмір жолынан сыр шертетін бейнебаянмен ашылып, автордың туған жеріне арналған әні «Мақтааралым» көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әнді Азамат Асқар мен Ақерке Зұлпыхарова орындады.
Кештің модераторы – Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың жылы лебізімен басталған кеште Айыпберген Балтабайұлының елге сіңірген еңбегі кеңінен атап өтілді. Ол тек ақын-жазушы ғана емес, құрылыс саласының үздігі, елдік идеологияның жаршысы, қоғам белсендісі ретінде де танылған тұлға.
«Айып-Нұр ағаның өмір жолы – адалдық пен еңбектің, шығармашылық пен парасаттың тоғысы. Ол салған ғимараттар – өңіріміздің сәулеттік келбетін көркейтсе, жазған туындылары – ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтардың жаршысы», – деді, аудан әкімінің орынбасары өз құттықтауында.
Айыпберген Балтабайұлы Мақтаарал өңірінде мектептер, мәдениет сарайы, аурухана, мешіт, тұрғын үйлер сынды іргелі нысандардың бой көтеруіне тікелей атсалысқан. Қызмет жолында әкім, жоғары оқу орнының жетекшісі сынды жауапты лауазымдарды атқарған.
Кеш барысында жазушының жаңа кітабы – «Бір кем дүние…» атты еңбектің тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге ауданның құрметті азаматтары мен руханият майталмандары қатысты.
Кешті әрлеп, рухани әсерін күшейткен поэзиялық арнаулар мен термелер де көптің жүрегінен орын тапты. Мақтаарал аудандық орталық кітапханасының қызметкерлері Сандуғаш Сауытқызы мен Сымбат Асанқызының арнаулары, Роза Мұратованың орындауындағы «Не пайда» термесі – кештің шынайы көркемдік көріністеріне айналды.
Кеш барысында ардақты азаматтың еңбек жолы, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылды. Айып-Нұр ағамыз поэзия, проза, публицистика жанрларында қалам тербеп, халқына рухани олжа сыйлаған қаламгер. Оның бес томдық таңдамалы шығармалары, көптеген әдеби аудармалары – ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес. Ол И.В.Гете, Омар Хайям, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов сынды әлем әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударған санаулы қаламгерлердің бірі. Ағамыздың қаламынан туған «Жүрек жылуы», «Ғашықтар әні», «Біздің Димекең», «Бақыт жолында» сынды еңбектері – оқырман жүрегінен орын алған дүниелер.
Кеш барысында аймақ зиялылары мен ел ағалары мерейтой иесіне деген шынайы құрметін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Сөз алғандар қатарында Сейтбек Оңғаров, Қасымбек Хаметов, Шахзада Құрбанбаева, «Мақтаарал» газетінің бас редакторы Сәбит Қалдыбаев сынды қайраткерлер болды.
Жас оқырмандар мен кітапхана ұжымы да өз сүйіспеншілігін білдіріп, авторға жүрекжарды тілектерін арнады. Шара соңында сахна төріне көтерілген Айып-Нұр ағамыз өзінің жүрек тебірентер сөзін арнап, туған жеріне деген алғысын жеткізді.
«Бұл кеш – мен үшін емес, туған жерге деген тағзымның белгісі. Жас ұрпақ адал болсын, елін сүйсін, өлең мен өнерден алыстамасын», – деді, қаламгер.
Кеш соңында Каландаровтар дуэтінің орындауындағы «Қазақстаным» әні залды кернеген шабыт пен қуаныштың айғағындай әсер қалдырды. Салтанатты кешті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары мерейтой иесіне зор денсаулық пен шығармашылық шабыт тіледі.
 
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1053620?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version