Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жандандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру міндетін қойды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде денсаулық сақтау саласын сапалы түрде жаңғыртуға бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Басты мақсат – халықтың өмір сүру жасын ұзарта түсу. 2025 жылы 14 шілдеде міндетті медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа Заңға қол қойылуы маңызды қадамдардың бірі болды.
«Мемлекетіміздің ерекше басымдықтарының бірі – халықтың денсаулығын қорғау. Біздің мақсатымыз 2029 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Жалпы бұл мақсат қолжетімді. Жыл сайынғы динамикада халықтың денсаулығының оң көрсеткіштері байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік туып отыр», – деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Профилактикалық скринингтер мемлекет кепілдік беретін медициналық қызметтер пакетіне енгізілді
МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі үш есеге артты. Бұл халықтың жоғары технологиялық және қымбат қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Енді барлық медициналық көмек нақты екі бөлікке бөлінеді: ел тұрғындарының барлығына мемлекет толық кепілдік беретін базалық пакет және сақтандырылған азаматтарға арналған кеңейтілген сақтандыру пакеті.
«14 шілдеде тиісті Заңға қол қойылды. Осы Заң бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі пакеттерінің ара-жігі нақты бөлінетін болады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға ең көп таралған және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша скринигтер қолжетімді болады. Онкологиялық, жүрек қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған скринигтердің жаңа түрлері енгізілуде. Сондай-ақ мидағы қан айналымы бұзылуын ерте анықтау үшін 50 жастан асқан ер азаматтарымызға жаңа скриниг түрі енгізіледі. Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туған жағдайда тексерулер барлығына тегін болады», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1053755?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау