Шахтинск қаласының мәдениет және демалыс саябағында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған заманауи ойын-спорт алаңы пайдалануға берілді. Жаңа кеңістік арнайы бейімделген ойын элементтерімен жабдықталып, балалардың еркін ойнауына, дене шынықтырумен айналысуына және өзара қарым-қатынас орнатуына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған.
Алаңды жобалау барысында денсаулығында түрлі шектеулері бар балалардың қажеттіліктері ескерілді.
Мұнда әрбір бүлдіршін өзіне қызықты әрі пайдалы іс таба алады.
Жаңадан орнатылған нысандардың қатарында иық белдеуінің бұлшықеттерін дамытуға арналған элементтері бар «Қамқорлық» сырғанағы, ерекше әткеншектер мен айналмалы ойын құрылғылары, сондай-ақ «Жоғарғы вертикальды тарту» спорттық жаттығу тренажері бар.
— Бұл алаңның салынуы біз үшін үлкен қуаныш. Енді ұлым таза ауада тұрақты түрде жаттығып, қол бұлшықеттерін шынықтырып, денсаулығын нығайта алады. Балалардың ерекше қажеттіліктерін ескеріп, осындай жағдай жасағандары үшін алғысымыз шексіз, — дейді Шахтинск тұрғыны Оксана Вагапова.
Алдағы уақытта қолжетімді әрі инклюзивті қалалық орта қалыптастыру бағдарламасы аясында бұл алаңды қосымша ойын және дамыту элементтерімен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде нысанның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, саябаққа келген барлық балалар үшін оны одан әрі тартымды, қолжетімді және қауіпсіз етуге ықпал етеді.
Шахтинск қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1053915?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау