Жаңа Салық кодексінде бизнес пен азаматтардың өміріне оң әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс қамтылған. Бұл ретте аталған реформадағы жаңашылдықтарды дұрыс түсіндіріп, қолдану тәртібін қоғамға тиімді жеткізудің маңызы зрр. Осы мақсатта ҚР Қаржы министрлігі маңызды құжаттың негізгі ережелерін түсіндіруге арналған ауқымды ақпарат жұмысын (1 тамыздан бастап 24 қыркүйекке дейін жалғасатын) жүргізіп келеді.
Бұл жұмыс әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өткізіліп жатқанын айта кетейік. Кезекті семинар Ақтөбе облысында болды.
Аталған өңірде минералды-шикізат ресурстарының айтарлықтай қоры шоғырланған. Облыста индустриялық-өнеркәсіп саласы жолға қойылған. Мұнда хром, никель, титан, фосфорит, калий және басқа да пайдалы қазбалар көп кездеседі.
Салық жеңілдіктерін қолдану өңірдегі кәсіпорындарға кен орындарын игерудің кейінгі кезеңдерінде де өндірістік қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын сақтап қалуға, халықтың тұрақты табысын қамтамасыз етуге жол ашады. Осы шаралар өндіріс орындары шоғырланған кенттердегі өмір сапасына ықпал етіп, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына және жұмыс орындарын ашуға серпін береді.
ҚМ МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жаңа ұғымдар мен терминологиядағы тәсілдерді, КТС пен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу жайлы, ЖТС бойынша прогрессивті шкаланы, ҚҚС реформасы мен тиісті процестердің цифрландырылуы туралы, есеп түрлерінің азаюы мен АСР өзгерістерді қамтитын тұжырымдамалық жаңашылдықтар туралы кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ ведомство өкілі салық органдарының қызметін сервистік модельге көшіру туралы айтып берді, мұнда басты назар салық төлеушілермен өзара әрекеттесудің сапасына аударылмақ. Бұған қоса хабарламалар мен ықпал ету шаралары қарыз сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылатыны айтылды.
Қатысушылар жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықтарды есептеу, цифрлы сервистерді пайдалану тәртібі және бұрын өткізілген декларацияларды түзету мәселелері бойынша көкейдегі сұрақтарын қойды. Спикерлер барлық сауалға жауап беріп, жыл соңына дейін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, МКК қосымшаларында оқыту модульдері іске қосылатынын түсіндірді.
«Жаңа заңның негізгі мақсаттарының бірі — шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ салық жеңілдіктері жүйесі арқылы экономиканың басымдыққа ие салаларын ынталандыру», деді Ж.Нұржанов.
Салық кодексінің нормаларын түсіндіру аясындағы келесі 10 семинар 25 тамызда Қызылорда қаласында өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1054283?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау