Алматыда қиын жағдайға тап болған студенттерге қолдау көрсететін жаңа дағдарыс орталығы ашылды. Ол М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің №4 жатақханасында (Масанчи көшесі, 88) орналасқан.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Орталық 55 орынға есептелген.
Мұнда студенттерге психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі, уақытша баспана беріледі. Құпия кеңес беретін кәсіби психолог жұмыс істейді. Сондай-ақ заңгерлік және медициналық көмекке жолдама алу мүмкіндігі бар.
Жатақханада жайлы тұруға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Орталықта қауіпсіздік, өзін-өзі қолдау тақырыбында тренингтер мен ақпараттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.
«Жастарды әлеуметтік қолдау – мемлекетіміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Әсіресе студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңызы зор. Дағдарыс орталығының ашылуы – бұл тек уақытша баспана ұсыну емес, сонымен бірге жастардың қиын кезеңнен шығуына нақты көмек көрсету, олардың әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік беру. Біздің мақсатымыз – әрбір студенттің өз білімін жалғастыруына, қоғамдағы белсенділігін төмендетпей, өз болашағына сеніммен қадам басуына жағдай жасау», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Сонымен қатар Алматыдағы барлық 35 жоғары оқу орнында Ахуалдық орталықтар жұмыс істейді. Олар студенттердің өтінішін қабылдап, мәселелерін дер кезінде шешуге ықпал етеді.
Айта кетейік, 22 тамыз күні Алматы қаласындағы студенттік жатақханаларға арнайы мониторинг жүргізіліп, студенттердің жайлы тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету, қауіпсіздік пен тұрмыстық инфрақұрылымға байланысты мәселелер талқыланды.
Толық ақпарат: 8 702 286 25 20
Мейіржан Келемеденов,
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының баспасөз хатшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1054431?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау