Келіссөз кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталды.
Министрлер мемлекет басшылары арасындағы ерекше сенім мен достыққа негізделген жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің сенімі мен жеке байланыстары «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті» нығайтудың қозғаушы күшіне айналып, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге жаңа серпін беріп отыр.
Ван Вэнтао екіжақты сауда айналымының оң қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға артқан. Ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 21,8 млрд долларды құрады. Бұл мәліметтер 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі міндеттің нақты әрі қолжетімді екенін көрсетеді.
Арман Шаққалиев аталған мақсатқа қол жеткізу үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында шекара маңы саудасын дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары мен жол картасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, екі ел экономикасының өзара байланысын күшейтуге жол ашады.
Келіссөздер барысында қазақстандық шикізаттық емес экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды. Арман Шаққалиев өңдеу өнеркәсібін дамытуға және қосылған құны жоғары өнімдерді экспортқа шығаруға бағытталған күш-жігерге дайын екенін білдіріп, ҚХР-мен «инвестициялау және сату» қағидаты бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты.
Тараптар кедендік рәсімдерді цифрландыру, электронды сауданы дамыту және ДСҰ аясындағы кедергілерді жою мәселелері бойынша бірлескен жұмысты талқылады. Қазақстан тарапы «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасында қол қойылған электрондық сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның іске асырылу барысына оң баға берді.
Сонымен қатар, ірі қытайлық онлайн-платформаларда Қазақстанның ұлттық павильондарын кеңейту ұсынылды. Аталған келісім электронды сауданы жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің өзара тиімді әріптестігін дамытуға деген ниетін нақтылады. Логистика, инвестиция және электрондық сауда салаларында тәжірибе алмасуға қолайлы жағдайлар жасалуда.
Кездесу барысында Қазақстан экономикасының нақты секторына Қытай инвестицияларын тарту перспективалары да талқыланды. Қазақстан тарапы Қытайға қазақстандық өнімдерге қатысты импорттық баж салығын төмендету мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ ҚХР капиталының қатысуымен елімізде шикізатты терең өңдеу бойынша жобалар құрудың орын екенін атап өтті.
Қытай тарапы қолдаған бағыттардың бірі – өңірлік ынтымақтастықты дамыту. 2024 жылдың басынан бері Қазақстан Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларында орналасқан Цзянсу, Сычуань, Хунань, Шандун, Шэньси және Гуандун провинцияларының бизнес өкілдері және әкімшіліктерімен тығыз байланыс орнатып, алты сауда миссиясын ұйымдастырды. ҚХР Сауда министрі бұл тәсілді қолдап, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды. Министр Арман Шаққалиев Қазақстанның Қытайдың басқа да ірі өңірлерінде сауда өкілдіктерін ашу жоспары бар екенін мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – Қазақстанның Қытайдағы халықаралық көрмелерге қатысуы болды. Атап айтқанда, Шанхайдағы CIIE, Бейжіңдегі CIFTIS және Үрімші қаласындағы «ЭКСПО Қытай – Еуразия» көрмелері қазақстандық өнімдерді ілгерілету және тікелей B2B байланыстар орнату үшін маңызды алаңдар ретінде аталды. Ван Вэнтао қытайлық компаниялардың Қазақстанда өтетін сауда-инвестициялық іс-шараларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054549?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау