«Аква мәдениеті мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, балық шаруашылығы субъектілері балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу бойынша ақпараттық жүйеде — E-fish жүйесінде міндетті түрде тіркелуге, сондай-ақ оған қажетті мәліметтер мен деректерді уақтылы енгізуге тиіс.
Тіркеу және ақпарат ұсыну тәртібін балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Аталған түзетулер 2025 жылғы 13 тамыздан бастап заңды күшіне енді.
Саланы ашық жүргізу және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымына жол бермеу мақсатында E-fish ақпараттық жүйесі 2024 жылғы шілдеде Балық шаруашылығы комитетімен пилоттық режимде енгізілген болатын. Жүйенің негізгі мақсаты — есепке алу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, балық ресурстарын өндіру мен айналымын мониторингтеу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ саланы тиімді басқаруға арналған бірыңғай деректер базасын қалыптастыру.
E-fish жүйесі нақты уақыт режимінде балық пен балық өнімдерін аулау көлемін, тасымалдау және өткізу барысын қадағалауға, статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйенің функционалының арқасында балық шаруашылығы субъектілері уәкілетті органға міндетті есептерді қашықтан тапсыра алады, сондай-ақ үйден не кеңседен шықпай-ақ электронды өндірістік журнал жүргізуге қол жеткізеді.
Қазіргі уақытта E-fish бірқатар негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде «Е-лицензиялау», ЕРАП пен ЕРСОП, «АСТАНА-1», ЕАСУ «E-Agriculture» жүйелерімен ықпалдастырылған.
E-fish жүйесін енгізу және ауқымын кеңейту — балық шаруашылығын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды қадам әрі ашық, тиімді және тұрақты саланы қалыптастыруға бағытталған шара.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1054451?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау