Осакаров ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 19 учаскелік полиция инспекторы жауап береді. Жергілікті жұртшылық олардың еңбегін жиі «мың бір міндеттің қызметі» деп сипаттайды. Себебі учаскелік инспектор өзіне бекітілген аумақтағы барлық мәселені шешуге тікелей атсалысады.
Кәсіби біліктілікті арттыру және қызмет сапасын жақсарту мақсатында Осакаров ауданы әкімдігі жыл сайын «Үздік учаскелік инспектор» байқауын өткізеді.
Биылғы байқауда жеңімпаз атағын полиция аға лейтенанты, учаскелік инспектор Михаил Волошенюк иеленді. Ол ішкі істер органдарында бес жылдан бері еңбек етіп, бүгінде Осакаровка кентінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
– Өз жұмысымды жақсы көремін. Байқауға қатысуға бірден шешім қабылдап, өтінім бердім. Алдағы уақытта облыстық «Үздік учаскелік инспектор» байқауына да қатысуды жоспарлап отырмын. Әрине, аудандық кезеңде жеңіске жеткеніме қатты қуаныштымын. Әріптестеріме де осындай байқауларға белсенді қатысуды кеңес етемін. Сондай-ақ маған сенім артып, онлайн дауыс берген барлық тұрғындарға алғыс білдіремін, – деді Михаил Волошенюк.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Михаил – Осакаровканың тумасы. Сондықтан ол ауылдың тыныс-тіршілігін де, тұрғындарын да жақсы біледі. Көптеген ауылдастар жиі одан көмек немесе ақыл-кеңес сұрайды.
Байқау барысында үміткерлерді ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам өкілдері, ақсақалдар мен мемлекеттік органдардың басшылары бағалады. Қазылар алқасы үміткерлердің жұмысын бірнеше көрсеткіш бойынша саралады: учаске халқының саны, анықталған әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар, біліктілікті арттыру курстарынан өткендігі ескерілді.
Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1054323?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау