2025 жылғы 21 тамызда Естай атындағы Мәдениет сарайында Павлодар облысының педагогтеріне арналған «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты өңірлік тамыз конференциясы өтті. Іс-шараға өңірдің 1000-ға жуық педагогі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Конференция жұмысы Мемлекет басшысының республикалық тамыз конференциясындағы баяндамасының негізгі тезистерін қамтыған Оқу-ағарту министрлігінің бейнепрезентациясын көрсетуден басталды.
Конференцияға қатысушылардың ерекше назарында негізгі спикерлер – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров пен Павлодар облысының әкімі Асайн Байхановтың баяндамалары болды.
Серік Әшіров білім саласындағы сапа басымдықтарын айқындап, оқыту нәтижелерін жүйелі бағалаудың, инновациялық стандарттарды енгізудің және педагогтерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Асайн Байханов өңірдің дамуы үшін білім берудің стратегиялық рөліне тоқталып, облыстың болашағы өскелең ұрпақтың даярлық деңгейі мен тәрбиесіне тікелей байланысты екенін айтты.
Конференцияның басқа да қатысушыларының баяндамалары мазмұндылығымен ерекшеленді.
Білім беру бағдарламалары мен жаңа стандарттардың әзірлеушісі Руслан Қаратабанов білім сапасын басқарудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева мектеп білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу және маңызды этикалық бағдарлар туралы баяндады.
«Еуразиялық топ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директорының орынбасары Анастасия Круч үздіксіз білім беру экожүйесіне қатысты өз көзқарасымен бөлісті.
Конференцияның айрықша оқиғасы – заманауи техникалық және педагогикалық шешімдер ұсынылған цифрлық көрме болды. Мұнда педагогтер мектептердің бүгінгі күні-ақ инновацияларды енгізуіне көмектесіп, оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдермен танысты.
Конференцияның қорытынды және салтанатты сәті – өңірдің үздік педагогтерін марапаттау рәсімі болды. Берілген марапаттар ұстаздардың еңбегін мойындаудың және өңірдегі білім беруді дамытуға қосқан үлесіне алғыс білдірудің символына айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control/press/news/details/1054935?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау